Алтай Көлгінов: Елбасы Үндеуі азаматтардың бойына сенім ұялатты

8 Сәуір 2020, 17:31
1469
Бөлісу:
Алтай Көлгінов: Елбасы Үндеуі азаматтардың бойына сенім ұялатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Елбасының бүгінгі үндеуіне қатысты пікір білдірді. 

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқымызға арнаған бүгінгі Үндеуі азаматтарымыздың бойына сенім ұялатты. Себебі, қазір мемлекет бар қамқорлықты жасап отыр. Енді осы қамқорлыққа арқа сүйей отырып, ұлт болып ұйысып бірлігімізді көрсете білсек, бұл қиындықты да еңсереміз. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа елорданы азық-түлікпен қамту жұмыстарын, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеуге арналған шараларды баяндадым, – деп жазды елорда әкімі.

Президент қала әкімдеріне және салалық министрлікке бағаның жүгенсіз кетуіне жол бермеуді, азық-түлік саудасы маңында алыпсатарлықты болдырмауды және Төтенше жағдай кезінде тұрақтандыру қорын толықтырып, қажетті тауарлармен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Қала шетінде бақылау-өткізу бекеттері жұмыс істеп тұр. Азық-түлік тасымалдап жүрген жүк көліктері үшін жол әрдайым ашық. Осы күндері барлық санитарлық нормалар сақтала отырып, қаламызға 14 мың тонна азық жеткізілді. Елордада тұрақтандыру қоры құрылды. "Magnum", "Астықжан", "Кеңмарт", "Small" сауда желілерімен, "Шапағат", "Евразия", "Артем", "Биг Шанхай" базарларымен жеңілдетілген несие бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Айналымда 1,2 млрд.теңге болған. Ол қаржының көмегімен картоп, пияз, сәбіз, капуста, тағы басқа халыққа аса қажет көкөністердің бағасын тұрақты ұстап отырмыз. Оған қоса қосымша тағы 1,5 млрд. теңге бөлінді. Сол арқылы сұйық май, күріш, гречка, тағы басқа азық-түлік түрлері бағаларының қымбаттауына жол берілмейді. Кейбір сауда орындарында бірқатар азық түрлерін сатып алған бағаға, яғни өз бағасына сатып жатқанын да айта керу керек, – деді Көлгінов. 

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде азық-түлік пен тұрмысқа қажет заттар тегін жеткізілетін азаматтардың категориялары көбейгенін айтты.

Президентке әлеуметтік әлсіз топтарға жататын азаматтарды қолдау жұмыстары бойынша мәлімет бердім. Азық-түлік пен тұрмысқа қажет заттар тегін жеткізілетін азаматтардың категориялары көбейді. Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік көмекті I, II, III топқа жататын мүгедек азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балалар мен оларға қарап отырған ата-аналар және АӘК тиесілі азаматтар алады. Мұқтаж азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде яғни, 10 мың теңгеден аса көмекті 41 мың отбасы осы аптада ала бастайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша «Nur Otan» партиясымен бірлесіп, «Birgemiz» акциясы аясында 6 мың аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеті жеткізілуде. Қазір оны 5,5 мыңнан астам отбасы алды. 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке бүгін 8 сәуірдегі жағдай бойынша 145 мыңнан аса адам өтініш берді. 20 мыңға жуығы төлемді алды. Өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкіметпен» және Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорымен бірге қарастырып жатырмыз. Көмектің бұл түрін алушылардың саны күн сайын көбейіп келеді. Қалалық штаб демалыссыз күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, – деді Көлгінов.

Биылдан бастап АӘК алатын отбасыларды қосымша қолдау мақсатында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Наурыз айында ол 2 700 отбасыға, яғни 4,5 мың балаға берілді. Осы айда да төленеді. Жыл басынан бері 3 400 отбасы АӘК алып келеді.

Диспансерлік есепте тұрған жасы үлкен азаматтарға дәрі-дәрмектерді үйлеріне жеткізіп жатырмыз. Бұл жұмыстардың бәрі қала тұрғындарын қолдау мақсатында атқарылуда.

Елбасымыздың "Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек" деген сөзі күндіз-түні отбасын да, ұйқы да көрмей жүрген дәрігерлерімізді, қиын кезеңде көмек қолын созып жатқан іскер азаматтарымызды, волонтерлер мен жастарымызды жігерлендірді. Расында біз қазір бір-бірімізді сынайтын емес, бірлігіміз сыналатын, рухымыз шыңдалатын кезеңді бастан кешіп келеміз, – деп жазды қала әкімі.
Өзгелердің жаңалығы