Экспорт пен импорттағы валюталық операциялар: Заңды бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылған?

 ©BAQ.KZ коллажы 28 Қыркүйек 2026, 11:45
28 Қыркүйек 2026, 11:45
158
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Халықаралық салық салу және валюталық бақылау басқармасының басшысы Айдос Егенов валюталық келісімшарттарды есептік тіркеу тәртібі мен заңнамада көзделген жауапкершілік туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, экспорт немесе импорт бойынша валюталық келісімшарт сомасы 50 мың АҚШ долларынан асқан жағдайда, ол банктерде есептік тіркеуге қойылуы тиіс.

Айдос Егеновтің сөзінше, банктер валюталық бақылау аясында келісімшартқа қатысты банктік бақылаудың жеке карточкасын Қазақстан Ұлттық банкінің ақпараттық жүйесіне жолдайды. Егер резидент пен бейрезидент арасындағы міндеттемелер бойынша репатриация мерзімдері бұзылса немесе есептік нөмірді (УНК) уақытылы алу талаптары сақталмаса, бұл туралы ақпарат Ұлттық банктен мемлекеттік кірістер органдарына беріледі.

Басқарма басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте мұндай заңбұзушылықтарға қатысты бірнеше жауапкершілік түрі қарастырылғанын атап өтті.

ӘҚБтК-нің 254 және 257-баптарына сәйкес, сыртқы экономикалық қызметке қатысушы экспорттаушы немесе импорттаушы келісімшартқа есептік нөмір алу үшін банкке уақытылы жүгінбесе, мемлекеттік кірістер органдары әкімшілік іс жүргізуді бастайды. Бірінші рет жасалған құқық бұзушылық үшін ескерту беріледі. Ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға – 10 АЕК, шағын бизнес субъектілеріне – 20 АЕК, орта бизнеске – 50 АЕК, ірі бизнеске 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады, – деді ол.

Сондай-ақ резиденттердің ұлттық немесе шетел валютасындағы қаражатты елге қайтару (репатриация) талабын орындамауы да әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Бұл талапты бұзған экспорттаушылар мен импорттаушыларға қатысты ӘҚБтК-нің 251-бабы қолданылады. Мұндай істер бойынша әкімшілік өндірісті мемлекеттік кірістер органдары жүргізеді, кейін материалдар сотқа жолданады. Сот органдары қайтарылмаған қаражат сомасының 20 пайызы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға құқылы, – деп түсіндірді Айдос Егенов.

Наверх