Экс-депутат сайлау туралы көзқарасын білдірді

31 Желтоқсан 2020, 17:57
2348
Бөлісу:
Экс-депутат сайлау туралы көзқарасын білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қай елде болмасын, сайлау жақындаған сайын оған «қатыспаймын», «дауыс бермеймін» деушілер шығып жатады. Бүгін осы мәселеге қатысты экс-депутат Жарасбай Сүлейменов өз көзқарасын білдірді.

Жалпы, біздің елімізде азаматтардың сайлауға қатысуының еріктілігі қамтамасыз етілген, дауыс беруге қатыспаймын дейтіндер табылып жатса, оларды ешкім қолынан сүйреп сайлау учаскесіне апармайды, ол үшін дүре де соқпайды. Өйткені, сайлау туралы заңнамаларымызда азаматтарды сайлауға қатысуға немесе қатыспауға ешкім мәжбүрлемейтіні тайға таңба басқандай анық та нақтылы жазылған. Ал азаматтардың сайлау және сайлану құқығы Ата Заңымызда бекітілген. Демек, бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды, – дейді экс-депутат.

Оның ойымша, халықты басқару ісіне тартудың, демократияны дамытып, тереңдетудің аса маңызды тетігі болып табылатын сайлауға қатысу арқылы әркім өзінің ерік-жігерін білдіріп, елінің болашағына деген жауапкершілігін, азаматтық борышына адалдығын айғақтайды.

Тіпті, тереңірек бойлап, сайлау тарихына үңілетін болсақ, бағзы замандарда бұл орайда түрлі шектеулер болғанына көз жеткіземіз. Мәселен, кей елдерде аса маңызды саяси науқанға тек «ақсүйектер» ғана қатыстырылса, кей мемлекеттерде әйелдер мен құлдар дауыс беретін жерлердің маңын баса алмаған. Олай болса, сайлауға, дауыс беруге қатыспау өзіңді өзің қорлағанмен, кем санағанмен, іс-әрекетке қабілетсіз екеніңді мойындағанмен бірдей. Азаматтар сайлауға қатысу, дауыс беру, өз таңдауы арқылы елімізде оң өзгерістердің орнығуына ықпал ете алатындарын түсінулері керек. Осыны түсінбегендер битке өкпелеп, тонын отқа жаққанның кебін киюі бек мүмкін. Жасыратыны жоқ, арамызда «ешбір партияға сенбеймін» дейтіндер де бар. Олай болса, беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, сайлауға қатысыңыз да өз ұстанымызды білдіріңіз, елдің саяси өміріне ықпал етіңіз! Болашақ үшін сіздің дауысыңыз маңызды екенін сезініңіз! Сайлау, сайлауға қатысу туралы ойларымның бір парасы осындай. Жаңа жыл құтты болсын, достар! Барлық ауыртпалықтар артта қалып, елеміз өсіп, өркендей берсін! Халқымыз аман болсын! Қай кезде де өзіміздің бірлігі мызғымас ұлт екенімізді бүкіл әлемге паш етейік!, – деп жазды Жарасбай Сүлейменов.

Өзгелердің жаңалығы