Экономикалық аймақтар институты тиісті деңгейде дамымай отыр – Бектенов

5 Наурыз 2024, 11:11
326
Бөлісу:
Экономикалық аймақтар институты тиісті деңгейде дамымай отыр – Бектенов
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттік қолдау шаралары инвестиция тартудың маңызды фактор болып отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз инвестицияларды жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, технологиялар трансфертіне және өндірістерді локализациялауға белсенді түрде бағыттауымыз керек. Бүгінде инвесторларға салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, кепілдендірілген тапсырысты қамтамасыз ету және тағы басқа да түрлі преференциялар беріліп отыр, - дейді Үкімет басшысы. 

Ол арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отырғанын айтады.

Ал, озық елдердің көбі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал, бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан. Біздің Арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді. Сондай-ақ, біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұмсап отырмыз, бірақ олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ, - дейді Бектенов.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – жергілікті қамту үлесін ұлғайту екенін атап өтті.

Инвесторлардың, квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдерінде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін барынша ұлғайту қажет. Отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру – біздің негізгі басым міндеттеріміздің бірі. Инвесторлар да оны іске асыруға белсенді үлес қоса алады. Мемлекет инвесторларға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Олар да өздерінің тарапынан өнімділікті арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті кадрларды оқыту, тауарлар мен қызметтердің экспортын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелерді орындауға тиіс, - дейді Бектенов.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялау тәсілдері де өзгертуді қажет етеді.

Қолданыстағы практика шаруаларды озық агротехнология мен инновацияны тартуға ынталандырмайды. Осылайша, бөлінген ақшаның қайтарымы білінбей қалады. Жер учаскелерін алу, инфрақұрылым жеткізу рәсімдерінің ұзақ әрі құрылыс нормаларының күрделі болуы – мұның барлығы инвестициялық ахуалға теріс әсерін тигізеді. Мемлекет қолдау шараларына орасан көп қаражат бөліп отырғанымен, жеке капиталды тарту мүлдем жеткіліксіз. Бұл іске отандық банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуы да мардымсыз. Осыған байланысты қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау керек. Оның үстіне, мемлекеттік органдар мен даму институттары арасында өзара үйлесімді іс-қимылдың жоқтығынан инвесторлар мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты біле бермейді, - дейді Премьер-министр.

Бектенов инвесторлардың көбі Қазақстан Даму банкі немесе Даму сияқты бірнеше институтты ғана білетінін айта өтті. 

Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың бірыңғай базасы және олардың тиімділігін бағалау жүйесі жоқ. Инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Бұл мәселе тым созылып кетті. Әкімшілік рәсімдерге арналған цифрлық қызметтердің болуы инвесторлар үшін маңызды болып табылады. Мысалы, қызметтерді «бір терезе» онлайн-механизмі арқылы қолжетімді етуге болады. Біз мұны бұрыннан айтып келеміз. Бірақ, нәтиже шамалы. Көріп отырғанымыздай, проблемалар бар және біз осы бағыттағы жұмысты тез арада бір жүйеге түсіріп, жеңілдетуіміз керек, - дейді Премьер-министр.

Өзгелердің жаңалығы