Ақтөбе облысында "Жасыл ел" еңбек жасақтары төртінші маусымын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің айтуынша, биыл жоба наурыз айында басталған.
Қазір еңбек жасағының сарбаздары 2 маусымнан бастап төртінші ауысымда жұмыс жасап жүр. Осы ауысымда қала бойынша — 400, аудандарда 300 жас еңбек етуде.
Биыл “Жасыл ел” еңбек жасағында облыс бойынша 3200 жасты қамтитын боламыз. Бұл дегеніміз — осыншама жас тұрақты жұмыспен қамтылады деген сөз. Қазір мұнда жұмыссыз және ерікті жастар көп. Наурыз айынан бері бұл жобаға Ақтөбе қаласынан — 50, аудандардан 50 жұмыссыз жас тартылды. Бүгінде мұндағы сарбаздар 150-200 мың теңге аралығында табыс табады. Жоба бойынша үш бағытта жұмыс істейміз: көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жүргізу, - дейді Артур Әзиев.
Оның айтуынша, “Жасыл елге” 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жылдан-жылға бұл жобаға қатысушылардың саны артуда. Тіпті, мұнда келіп еңбек етіп жатқандардың қатарында колледж, мектеп оқушылары да бар.
Қазір төртінші маусымдағы сарбаздардың көбі қала бойынша көгалдандыру, абаттандыру бағыттары бойынша жұмыс істеуде. Олар мердігер мекемелер құрамында болып, компаниялардың жұмысшыларына көмектеседі. Қаладағы мердігер ұйымдарға бүгінде 5-10 сарбаздан бөлінген. Олар шөп жұлады, гүл, ағаш суарады, қоқыс жинайды, өзен, су айдындары жағалауларын тазартады. Қазіргі таңда Алматы және Астана ауданы әкімдігінің бастамасымен жасақ мүшелері қызу қарқында жұмыс істеп жатыр, - дейді ол.
Биыл да жылдағы дәстүрмен қазан айында “Жасыл ел” жасағында жақсы еңбек еткендер мен үздіктер марапатталып, олардың жұмысы қорытындыланады. Жыл аяғында 100 сарбазға Астанаға жолдама табысталып, үздік сарбазға, командирге, жұмыс берушіге, оқу орнына және т.б. жеті түрлі номинация беріледі.
.jpeg)
Бүгінде Ақтөбе облыстық “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары сенбі сайын сенбіліктерге шығып, “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына да үлестерін қосуда. Олар сәуір айынан бастап Елек, Қарғалы өзендерінің жағалауларын тазартқан. Қазір экологиялық акцияға «ЭкоГвардия» еріктілер тобы ерекше үлес қосып, белсенділік танытып жүр.
Айта кету керек, облыстық “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің өзі осы ұйымда 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәжірибелі, жан-жақты жігіт — Ақтөбенің экологиялық жағдайына ерекше жанашырлықпен қарап, мұндағы жасыл желектің көбеюіне атсалысып жүрген жандардың бірі.
Артурдің ізін жалғап жүрген жастардың бірі — Абыл Кенжебек. Ол биыл Ақтөбе жоғары политехникалық колледжін тәмамдайды. Оқу орнындағы студенттік Парламенттің президенті, Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының еріктісі болып қызмет атқарған ол екі жыл қатарынан “Жасыл ел” жасағында командир болып жұмыс жасапты. Өткен маусымда ол 50 сарбазға басшылық еткен.

Туған жерім — Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы. Колледжде қоғамдық жұмыстарға атсалысып, студенттік Парламенттің мүшесі болдым. Бірнеше жылдан бері таэквондомен айналысамын, жастар құрамасының мүшесімін. Биыл “Жасыл ел” жастар еңбек жасағында екінші жыл қатарынан командир болып жұмыс істедім. Биыл Ақтөбе орман шаруашылығында 50 сарбаз жұмыс істеді. Менің міндетім — сол сарбаздардың тәртібін қадағалау, жұмысқа бағыттау, өзара тіл табысуына ұйтқы болу. Сарбаздар мұнда жер жырту, дән егу, суару, тал отырғызу, арамшөп жұлу сияқты жұмыстарды атқарды. Өткен маусымда бір айы бойы үзіліссіз жұмыс істедік, - дейді Абыл Кенжебек.
Ал белсенді жас Диана Жұман “Жасыл ел” жасағында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол да биыл сарбаздарға жетекшілік етіп, командир болыпты.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің 3-курс оқушысы өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарғанын айтады.
“Жасыл ел” — бұл тек еңбек жасағы емес, бұл жастардың басын қосатын ерекше жоба. Бұл жерде жастар еңбек етіп қана қоймай, өзара достасып, түрлі іс-шараларға қатысып, қоғамға үлесін қосады. Экологиялық акцияларға атсалысып, өңіріміздің гүлденуіне, абаттандырылуына белсене қатысады. Биыл бұл орайда мен де аталған бағдарлама аясында табиғатты қорғауға бағытталған жұмыстарға атсалыстым. Біз арамшөптерді жұлып, ағаштарды суарып, жас көшеттер отырғызып, қаламыздың көркейіп, жасыл желекке орануына өз үлесімізді қостық. Бұл жұмыс маған үлкен тәрбие берді: еңбекке баулыды, жауапкершілікке үйретті. Жұмыс күндерімен қатар біздің уақытымыз көңілді өтті. Уақтылы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Қаламыздағы шығармашылық ұжымдары келіп өнер көрсетті. Мұндай кештер жұмыс барысындағы шаршауды ұмыттырып, рухани демалыс сыйлады, - дейді ол.
Диана бүгінде тек “Жасыл ел” жасағында ғана командир емес, өзі оқитын колледждің өзін-өзі басқару ұйымының төрайымы. Ол — түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралардың ұйымдастырушысы.
.jpeg)
Әрдайым өзінің көшбасшылық қасиетін дамытуды, жауапкершілікті сезінуді және өзін жан-жақты шыңдауды мақсат тұтатын алғыр қыз әрдайым ерекше бастамалардың жүзеге асуына мұрындық болып жүр. Ол жуырда флористика құзыреттілігі бойынша өткен “WorldSkills” жарысында I орынды иеленген.
“Жасыл ел” жобасының арқасында көп дос таптым. Өзгелердің еңбегін бағалауды үйрендім. Бұл жерде командирдің негізгі қызметі – қарамағындағы топтың жұмысын ұйымдастыру және басқару. Біз жұмыс кезінде сарбаздардың тәртібін, қауіпсіздігін, еңбектегі белсенділігін бақылап отырамыз. Сонымен қатар күнделікті тапсырмаларды әділ бөліп, орындалуын тексереміз. Түскі үзіліс кезінде де студенттердің тәртіппен жүріп-тұруына, ешқандай тәртіп бұзушылық болмауына жауап береміз. Мамыр айында біз Ақтөбе қаласындағы орман шаруашылығында жұмыс істедік. Ол жерде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Таңғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 16:30-ға дейін өзімізге жүктелген жұмыстарды барынша жауапкершілікпен атқардық, - дейді Диана.
Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына өңірдің 112 мыңнан астам тұрғыны мен 2,6 мыңнан астам кәсіпорны қатысқан.
.jpeg)
Акция аясында 39 мың аула тазартылып, 1000-нан астам әлеуметтік нысан, 260 саябақ пен сквер абаттандырылған. Сондай-ақ, өзен жағалаулары мен су айдындары қоқыстан тазартылған.
Биыл аталған акция аясында облыстағы мектеп оқушыларының қатысуымен саябақтардағы тал-теректерге құстарға арналған мыңнан астам ұя орнатылды. Бұл бастама — мектеп ұжымдары мен ата-аналардың бірлескен идеясы. Алдағы уақытта осы сынды игілікті істер жалғасын табады. Біз тұрғындарды тек сенбіліктерге ғана емес, осындай табиғатқа жанашырлықпен қарайтын бастамаларға қатыстыруды жөн санаймыз. Биыл облысымызда бес жылдық жоспар аясында 168 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Бүгінге дейін өңір бойынша 44 мыңға жуық көшет егілді. Қалған жұмыстар енді күз айларында ұйымдастырылады, - дейді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
