Экология министрлігі қиын кезеңде киіктерге қамқорлық танытуға шақырды

9 Қаңтар 2021, 18:16
2015
Бөлісу:
Экология министрлігі қиын кезеңде киіктерге қамқорлық танытуға шақырды

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті киіктерді қорғау мен олардың жағдайларын бақылау шараларын күшейтті.

Себебі соңғы уақытта ақбөкендер Қарағанды және Ақмола облыстарының елді мекендері мен автомобиль жолдарының маңында жиі байқала бастады. Олардың ішінде әлсіреп қалған мүйізді киіктер (еркек) көп. Бұл 2020 жылдың желтоқсан айында өткен күйек кезеңінің салдары. Бұдан бөлек қалың жауған қар мен күннің күрт суытып, ауа температурасының соңғы 5-6 күнде - 40 градусқа дейін төмендеуі де ақбөкендердің жағдайына әсерін тигізіп жатыр. 

Аталған факторлар киіктердің тіршілігін, азықтандырылуын қиындатып, өміріне қауіп төндіріп жатыр. Жыл басынан бері 14 киік өлімі тіркелді. 

Мұндай жағдайда жануар браконьерлер үшін қолжетімді бола түседі. Осыған байланысты Комитет әлсіреген киіктерді азықтандыруды көздейтін биотехникалық іс-шараларды да жүргізуде. 

Азаматтарға әлсіреген жабайы жануарларды байқаған жағдайда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне мына нөмір бойынша 8 777-678-52-52 немесе «Охотзоопром» ӨБ-ге (8 775-569-92-21) хабарлауды, оларға қамқорлықпен қарауды сұраймыз, - делінген хабарламада.

Еске салайық, Қазақстанда киіктердің Орал, Бетпақдала және Үстірт популяциясы мекендейді. 2019 жылғы есеп бойынша киіктердің саны 334 мыңға жетті. 2020 жылдың көктемінде енгізілген шектеулерге байланысты есеп жүргізілген жоқ. Алайда 2020 жылғы киіктердің қолайлы төлін ескере отырып, бүгінгі күні олардың саны 450 мыңнан астам басты құрайды деп болжауға болады.

Өзгелердің жаңалығы