Экология министрі Шымкент қаласының экологиялық проблемалары мен соны шешу жолдарын айтты

12 Қараша 2022, 11:21
3550
Бөлісу:
Экология министрі Шымкент қаласының экологиялық проблемалары мен соны шешу жолдарын айтты
PHOTO

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті,  деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бас ғимаратындағы мәжіліс залында ұйымдастырылған кездесуге 100-ден аса адам келді. Дені – қала тұрғындары. Арасында үкіметтік емес ұйымдар мен түрлі экологиялық ұйым мүшелері де бар. 

Әуелі министр Серікқали Брекешев ел және Шымкент қаласы бойынша Министрлік жетекшілік ететін салалардың дамуына тоқталып, қысқа шолып өтті.

Оның айтуынша, экологиялық мониторингке сәйкес, Шымкент қаласы ластану деңгейі жоғары қалалар қатарына жатады екен. Бірақ басқа ірі қалалармен салыстырғанда экологиялық жағдайы тұрақты саналады. 

Экология министрі Шымкент қаласының экологиялық проблемалары мен соны шешу жолдарын айтты

Шымкент қаласының экология мәселесіне талдау жасай отырып, аауа қүрамы мен су ресурстары ластауы, құрылыс қалдықтарын басқару жүйесі жоғын анықтадық. Шымкент қаласын ірі ластаушы нысандардың бірі – «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауыты. Бұл зауыт толықтай дерлік жаңғыртудан өтіп, табиғатты қорғау бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Мәселен, тазарту қондырғырғыларын жаңартып, күкірт өндіретін қондырғыны іске қосты. Атап айтсақ, 2015 жылы қуаттылығы жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғы іске қосылды. Екіншіден, жаңғыртудың 2 кезеңі шеңберінде өнімділігі жылына 15000 тонна күкірт өндіру кешені пайдалануға берілді. Үшіншіден, тазарту құрылғыларын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Соның әсерінен, кері осмос қондырғысындағы ағынды суларды тазарту таза суды жылына 1,5 млн текше метрге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Төртіншіден, мұнай шламын қайта өңдеу торабы салынып, пайдалануға берілді. Мұнай шламын бөле отырып, декантерлік қондырғыда мұнай шламын қайта өңдеу көзделген. Бесіншіден, тазартылған сарқынды суларды өртке қарсы жүйеге қайтару жүйесі енгізілді. Әсері: таза (техникалық) суды 30 пайызға дейін үнемдеу. Жаңғырту объектілері бойынша су тұтынуды қысқарту жалпы 9-12 пайызды құрайды, – деді министр. 

Оның айтуынша, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында, атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларды 2025 жылға дейін 20 пайызға төмендету көзделіп отыр. 

Экология министрі Шымкент қаласының экологиялық проблемалары мен соны шешу жолдарын айтты

Қазір Шымкенттің экологиялық мәселелерін шешу бойынша барлығы 29 іс-шара жоспарланған. Әзірге соның 10-ы орындалыпты. Атап айтуынша, жасыл көшеттерді паспорттап, кең таралған пайдалы қазбалар карьерін өңдеу кезінде бұзылған 3 кен орны қалпына келтіріліпті. Қазір жеке секторды газдандыру мен қоғамдық көліктерді сығымдалған газ пайдалануға өткізу жүзеге асырылып жатыр. Әйтсе де, бірқатар жоспар орындалмай қалуы мүмкін екен. Министр мұны қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековке айтып өтті. 

Өтініштерді талдау нәтижесі, тұрғындарды Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің нөсер ағындарымен ластануы және өзендердің су қорғау белдеулерінде тығыз құрылыс мәселелері толғандыратынын көрсетті. Қазіргі уақытта қаланың кейбір бөліктерінде қолданыстағы нөсер желісі нөсер ағындарын Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендеріне төгетіндей  орнатылған. Нәтижесінде өзен суы мұнай өнімдерімен, ауыр металдармен ластанып, өзеннің санитарлық жағдайы да нашарлайды. Бұдан басқа, қаланың бірқатар шағынаудандарында жеке үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылмауына байланысты тұрмыстық ағынды су үй маңындағы қазылған шұңқырға төгіліп, бұл жерасты және жерүсті суын ластайды. Нақтырақ айтсақ, қаладағы 81 шағынауданның 19-ы орталық кәрізбен қамтамасыз етілген. Ал 62 шағынаудан қамтылмаған. Соған байланысты, қолданыстағы кәріз тазарту құрылғы орналасқан ауданнан алыс басқа аудандарға да тазарту құрылғыларын салу мәселесін зерттеген жөн. Әкімдік тұрғын үйлерден тұрмыстық суды  жерүсті су объектілеріне төгуге жол бермеу мәселесін пысықтағауы қажет, – дейді С.Брекешев. 

Қазір Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесі биылдың алғашқы 9 айында 26,7 пайыз болыпты. Бұл республикалық орташа деңгейден сәл жоғары екен. Республикалық орташа деңгей – 24%. 

Экология министрі Шымкент қаласының экологиялық проблемалары мен соны шешу жолдарын айтты

Космомониторинг аясында барлығы 45 жерде заңсыз төгілген қоқыс үйінділері анықталды. Әкімдік ақпаратынша, барлығы да толықтай дерлік жойылды. Бұл ретте, аумақты тазалауды тиісінше ұйымдастырмағаны үшін Экология департаменті қаланың 4 ауданы әкімдерінің орынбасарларын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Кездейсоқ қоқыс үйінділерінің пайда болуының негізгі себебі – аймақтардағы құрылыс қалдықтарын басқару бойынша  инфрақұрылымның нашар дамуы. Осыған байланысты әкімдік құрылыс қалдықтарын қайта пайдалану тәжірибесін қолдану арқылы осы қалдықтарды қайта өңдеуге арналған инфрақұрылымды жолға қоюы қажет. Жалпы коммуналды қалдықтарды басқару бойынша да нақты бағдарлама әзірлеп, бекітуі керек, – деді экология министрі. 

Министр Серікқали Брекешев су шаруашылығы саласындағы мәселелерге де тоқталып өтті. Айтуынша, министрлік су ресурстарын басқаруды қайта қарауды қолға алыпты. Мұнда екі түрлі бағытқа назар аударылады.

Біріншіден, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру аясында су дипломатиясы мен су заңнамасын жетілдіреді. Жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр. Жоба мәтінін министрлк сайтына жариялаймыз. Қандай да бір ұсыныстар болса, жолдай аласыздар. Сондай-ақ, осы бағыт бойынша су ресурстары комитетінің, оған бағытысты мекемелер мен ғылыми ұйымдардың әлеуетін арттырып, кадрлар даярлау бойынша жұмыстар жүргіземіз. Ал екінші бағытқа келсек, мұнда суға деген сұранысты басқару болып отыр. «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту»  ұлттық жобалары шеңберінде су шаруашылығына арналған инфрақұрылым салу және реконструкция жасау, табиғи су объектілерін сақтау мен қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, еліміздің су-ресурст әлеуетін бағалау және болжау жоспарланды. Суға тарифтер қайта қарастырылады. Осылайша, су саласындағы негізгі мақсат – еліміздің су ресурстарын сақтау мен  оны ұтымды пайдалану, экономика мен қоршаған орта қажеттілігінің теңгерімін қамтамасыз ету мәселелерін шешу, – деді министр Брекешев. 

Қазір еліміздегі орман қорының жалпы ауқымы 5%-ды құрайды екен. Ендігі мақсат – соны 5,3 пайызға дейін жеткізу екен. 

Экология министрі Шымкент қаласының экологиялық проблемалары мен соны шешу жолдарын айтты

Президент бастамасына сәйкес, былтырдан бастап бес жылда 2 миллиард дана ағаш егуге кірістік. Былтырғы жоспар орындалды. Биыл 278 млн дана ағаш отырғызу керек болса, жыл басынан бері 127 млн дана жасыл желек егілді. Елдімекендерді көгалдандыру бойынша айтсам, биыл Шымкентте 120 мың дана ағаш егу жоспарланса, нақты 166,3 мың дана ағаш отырғызылыптты. Сондай-ақ, 2 млрд дана ағаш отырғызуға цифрлы мониторинг жүргізу үшін интерактив карта мен OrmanMap қосымшасы жасалды, – деді министр Серікқали Брекешев. 

Министрдің қысқаша баяндамасынан кейін тұрғындармен сұрақ-жауапқа жалғасты. Тұрғындар сұрағының дені – экологиялық мәселелер, жер қойнауын пайдалану, ағаш кесу, орман шаруашылығы, су шаруашылығы, су қорғау аймағын бекіту, су қорын дұрыс пайдалану жөнінде болды. 

Өзгелердің жаңалығы