Экология министрі айырмашылықты білмейді – Нығматулин Мырзағалиевті сөкті

10 Маусым 2020, 12:37
1559
Бөлісу:
Экология министрі айырмашылықты білмейді – Нығматулин Мырзағалиевті сөкті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Экология министрі айырмашылықты білмейді" деді Мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин министрдің жауабына қатысты. 

Депутат Ирина Унжакова экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне бөлінген қаражаттың игерілу нәтижесінің  сапасына байланысты сұрақ қойды. 

Бұл мәселеге қатысты министр жауап бермек болды. 

Біз гидротехникалық құрылыстардағы мониторинг санын көбейттік. Трансшекаралық өзендерге қатысты тексеру 300 болса, қазір 951 тексеруге дейін артты. Қажетті индикаторлардың төмендеуі алдағы бюджетте ескеріліп, қаржы министрлігінен және сіздерден қолдау сұраймыз, - деді Мырзағалиев. 

Осы жерден министрдің сөзін Нұрлан Нығматулин бөліп жіберді.

Қолдау көрсетпейміз.Сендерді не үшін қолдауымыз керек?!. Сіз қазір не айтып отырсыз? Сізден өзендерді бақылау туралы біреу сұрады ма? Менің түсінуімше, атмосфералық ауаның тазалығын бақылау мәселесі сұралды. Экология министрі айырмашылықты білмейді. Атмосфералық ауа мен өзендерді бақылау – екі бөлек дүние. Мемлекет сіздерге менеджер ретінде қаржы бөлді. Сендер оны 100 пайыз игердіңдер. Алайда тікелей  мақсатты индикаторлардың төмендеуіне жол бердіңдер. Теміртау  маңында "қара қар", Өскеменде қандай экология? Қазақстанның өндірістік қалаларында атмосфералық ауаның ластану көрсеткіші тіркеліп отыр. Осында ақша сұрап, қолдау сұрап келгенде депутаттар қолдау көрсетті. Қаражат бөлінді. Оны игердіңдер. Мағзұм Маратұлы, қайдағы өзендерді бақылау? Бұл мүлдем басқа бюджеттік бағдарлама, - деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс спикері жеке секторда мұндай менеджерді қуып шығатынын айтты. 
Бізде қанша қала бар, азаматтар мен экологиялық ұйымдар экологиялық мәселелерді көтеріп жүр. Осының барлығын экология министрі қарамағанда, кім қарайды? Ол өзінің жауабымен-ақ, қауқарсыздығын көрсетті. Мемлекет оған қаржы бөлді. Бір бюджеттік бағдарламаны өзендердің бюджеттік бағдарламасымен шатастырып отыр. Бюджет қаражатының игерілуі халық өмірінің сапасын арттыруы керек. Бюджеттің қаржысын босқа кетіру - бұл басты мақсат емес. Мағзұм Маратұлы, мәселені қараңыз. Егер де мәселені түсінбесеңіз, білім министрінен көмек сұраңыз, университеттерде сізге дәріс ұйымдастырсын. Мұндай жауапты тыңдаудың өзі ұят, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы