Еккені кеше ғана: Семейдің жаңа алаңындағы ағаш пен бұталар қурай бастады

Жаңа алаңда жүздеген ағаш пен бұтақ қурап қалды.

Бүгiн 2026, 19:25
АВТОР
 Альбина Халел Бүгiн 2026, 19:25
Бүгiн 2026, 19:25
134
Фото: Альбина Халел

Семейдің құмды бархандарының үстіне салынған жаңа Республика алаңы қайтадан қу тақырға айналып барады. Мұнда егілген жас қарағайлар мен аршалардың бір бөлігі қурап қалды. Бұл орын 2025 жылдың қазанында пайдалануға беріліп, көктемге қарай толыққанды серуендеу аймағына айналуы тиіс еді. Іс жүзінде алаң бос тұр деуге болады. Қала тұрғындарына арналған бұл «сыйлықтың» құны қанша деген сұрақ та жабық күйінде қалып отыр. 

Жаңа алаң – ескі мәселелер

2025 жылдың қазанында, Республика күнін мерекелеу кезінде Семейдегі бұл алаң салтанатты түрде ашылды. Ол Семейдің шетінде, Павлодар тасжолының бойындағы қала қақпасының маңында орналасқан. Алаң Семейдегі көпқабатты үйлердің ордасы – Қарағайлы шағын ауданындағы «Арена» кешеніне қарама-қарсы жағында тұр.

Өткен жылдың қараша айында біз бұл алаңның ашылудан кейінгі көрінісі мен онда қандай көк желектер егілгені туралы егжей-тегжейлі айтып, көрсеткен болатынбыз.

Бастапқыда нысанды қала күніне орай – қыркүйектің ортасында тапсырмақ болған. Үлгермеді. Содан кейін жалпыхалықтық таныстырылымды Республика күніне ауыстырды. Ашылу сәтінде шешімін таппаған көптеген коммуналдық мәселелер қалған болатын. Мысалы – суару мен жарықтандыру жұмыстары осы жылға ауысты.

Алаң Семейге Павлодар мен Астана жағынан кіріп келе жатқан тұстан қонақтарды қарсы алады. Алайда, көкейде жағымды әсерден гөрі бұл жерде алаңдаушылық пен «неге мұнда қураған ағаштар соншалықты көп?» деген сұрақ қалдырады.

Атап айтар болсақ, әрбір төртінші жас қарағай инелерін төгуге шақ тұр. Ал жалпақ жапырақты көшеттердің жағдайы сәл жақсырақ – олар көктеп келеді. Бірақ, қорғандарға ұқсатып жасалған төбешіктердің айналасына егілген арша бұталарының жағдайы мүшкіл.

Бұл қарама-қайшылық Семейге кіреберістегі дәл осы жаңа Республика алаңының алдында аяқталатын қарағайлы орман аясында ерекше көзге түседі.

Осы жер орманның бір бөлігі секілді көрініп, тамаша демалыс орнына айналуы тиіс еді.

Іс жүзінде қарағайлардан тұрғызылған «қоршаудың» сарғыш-жасыл түсі алаңды ұйымдастырушылардың суару жүйесін алдын ала толыққанды қамтамасыз етпегенін аңғартады. 

Сәуір мен мамырдың ыстық күндерінде жас көшеттердің жаңа жерге тамыр жайып кетуі үшін оларға нәр беретін ылғал ауадай қажет болды.

Суаратын уақыт жетті

Біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне Республика алаңындағы ағаштардың қурап қалуына байланысты қалыптасқан жағдайға түсініктеме беруді сұрап жүгіндік.

Ресми ақпарат бойынша, қазіргі суару жүйесі электр қуатының жоқтығынан толық қуатында жұмыс істемей тұр.

Алаңда суару жүйесі бар. Бірақ электр желісіндегі техникалық ақауларға байланысты ол тұрақты емес, толыққанды қызмет көрсетіп тұрған жоқ. Жақын арада бұл мәселе шешілуі тиіс, қазір жаңа кабель тартып жатырмыз. Әзірге суару жұмыстары ұңғымадан толтырылатын 60 текше метрлік сыйымдылық арқылы жүзеге асырылуда, ал жабдықтар генератормен жұмыс істеп тұр. Одан әрі су сорғы арқылы жүйеге беріледі. Бізде суарудың екі түрі бар – автоматты бүріккіш және тамшылатып суару. Яғни, адамның қатысуынсыз атқарылады. Тұрақты электр қуаты пайда болған кезде, жүйе суды өзі жинап, пайдаланатын болады, – деп түсіндірді ТҮКШ бөліміндегілер.

ТҮКШ бөлімінен электр кабелін тартып, оны суаруды басқару шкафына қосу талап етіледі. Содан кейін мердігерлер бұл процесті ретке келтіруге уәде беріп отыр.

Ведомствоның мәліметінше, суару жүйесі мен егілген екпелер мердігер мекеменің үш жылдық кепілдігінде. Алаңды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен «Жасыл Жер» компаниясы айналысқан.

Семейдің шетіндегі жаңа нысан мердігердің қаражатына салынған болатын. Өткен жылдың қараша айында облыс әкімдігі бұл «сыйлықты» сатып алып, ТҮКШ (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) бөлімінің теңгеріміне өткізуге уәде берген. Бірақ арада жарты жыл өтсе де, жағдай өзгерген жоқ. Сондай-ақ, алаң құрылысына жұмсалған жұмыстардың құнын да анықтау мүмкін болмады. Бұл мәселе төңірегінде олар жақ ашпауды жөн көрген.

Қазіргі уақытта алаңды ТҮКШ бөлімінің теңгеріміне өткізу процедуралары жүріп жатыр. Біз нысанды қабылдап алғаннан кейін оның сомасын жариялаймыз, – деп коммуналдық ведомство жауапты күте тұруды өтінді.

Жақын арада ТҮКШ бөлімінің қызметкерлері алаңдағы екпелерге мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр.

Біз қурап қалған ағаштарды актіге енгізіп, кепілдік бойынша оларды қайта қалпына келтіруді талап етеміз. Бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлу жоспарланбаған, – деп түсіндірді ТҮКШ бөліміндегілер.

Жасыл бастама ма, әлде сәтсіздік пе?

Тағы бір мәселе жұмбақ күйінде қалып отыр. Неге алаңға 20 жыл болған, өсіп кеткен қарағайлар егілді? Қарағайлы орманның қоршауында тұратын әрбір семейлік екі-үш жылдық қарағай көшеттерінің жерсіну деңгейі әлдеқайда жоғары екенін жақсы біледі. Өрттен кейінгі күлге айналған орман алқаптарына дәл осындай жас көшеттер егіледі.

Сонымен қатар, Семейдің маңында мұндай көшеттерді өсіретін көптеген тәлімбақтар (питомниктер) бар. Олардың құны үлкен қарағай көшеттеріне қарағанда әлдеқайда арзан тұрады.

Егер алаң басында суару жүйесімен жабдықталмағанын ескерсек, ересек ағаштардың қурап қалуы алдын ала белгілі болған деуге болады. Ал жас көшеттер ең тиімді шешім болар еді. Өйткені олар күй талғамайды және жиі суаруды қажет етпейді. Керісінше, ересек ағаштар тек тұрақты әрі мол суарылған жағдайда ғана тамыр жайып кете алады.

Жергілікті тұрғындар тас төселген алаңның көбіне бос тұратынын айтады. Оған себеп – көлеңкенің, қоғамдық дәретханалардың, ауызсу көздерінің жоқтығы, ал жел тұрғанда алаңды құм бораны басады. Халық бұл жерде мәдени демалыс өткізуді жоспарлаған еді. Бірақ іс жүзінде ешқандай тұжырымдамасы жоқ және көлеңкелеп саялайтын ағашы жоқ тас алаң болып шықты.

Көлеңкесіз көрініс

Бастапқыда қала тұрғындары жергілікті халыққа өте қажет болған жаңа серуендеу орнын салуға келген жұмысшыларды жылы шыраймен қарсы алған еді. Саябақтың жалпы аумағы 53 мың шаршы метрден асты. Оның жартысы көгалдандыруға бөлінді. Алаң аумағына мыңға жуық қарағай мен шырша, 9 мыңнан астам сәндік бұталар мен 8 мың көпжылдық гүлдер егілді. Қалған бөлігіне тас төселіп, айналасына асфальт салынды.

Бұл кеңістіктің ортасы мүлдем бос әрі ашық. Болашақта мұнда сахна, фудкорттар, балалар ойын алаңдары мен шағын архитектуралық нысандар орнату жоспарланған. 

Алаң көрнекі парадтар, шерулер және түрлі бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған кең плацдармды еске түсіреді.

Қала әкімдігінің жоспарында қала орталығына түсетін күшті азайту үшін осы жерді мерекелік іс-шаралар өткізу орнына айналдыру идеясы расымен де бар. Алайда, ол үшін алдымен жол мәселесін шешіп алу керек. Өйткені Шұғаев көшесіндегі тар көпірдің (путепровод) кесірінен қарбалас уақытта бұл жерге жету өте қиын.

Батыс және шығыс жағында сыртқы көрінісі қола дәуірінің қорғандарына ұқсайтын екі төбешік орналасқан. Бұл төбешіктер түрлі бұталар мен көпжылдық өсімдіктердің үйлесімімен безендірілген. Оған қоса қылқан жапырақты ағаштар – қарағайлар мен шыршалар егілген. Бірақ олардың көбісі қазірдің өзінде қурап қалған.

Қорғандар тұжырымдамасын рухани және мәдени мұраның символы – Алтын адам мүсіні толықтырып тұр. Бұл – Алматы облысының Семей қаласына тарту еткен сақ жауынгерінің көшірмесі. Мүсін алаңның ішіндегі жасыл аймақта, айналасына орындықтар қойылған тұғырға орнатылған. Оның айналасында да қурап қалған екпелер аз емес. 

Өткен жылдың күзінде алаңның топырағы дайындалып, оған газон шөбінің тұқымы молынан себілген болатын. Бірақ ол да шықпады. Көзге көрінетін өзгерістердің ішінен тек биік діңгекте (флагшток) желбіреген үлкен мемлекеттік туды ғана атап өтуге болады.

Семейде ересек ағаштарды сәтсіз қайта отырғызудың ащы тәжірибесі бұрыннан бар. Республика алаңына қарап отырып, семейліктер осындай жағдайлардың бірін – орталық алаңнан қазып алынып, Бейбітшілік аралына (остров Мира) көшірілген алып қылқан жапырақты шыршалар хикаясын еске алады. Ол ағаштар жерсінбей, сол жылы-ақ қурап қалған болатын. Сондай-ақ, тұрақты суару жұмыстары жұргізілмегеннен тас жолдардың бойында да қурап қалған екпелер аз емес.

Көгалдандыру қарқынының белсенді артуы мен жаңа қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру туралы айтылған асқақ уәделерге қарамастан, Семей ескі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр: нысан пайдалануға берілгеннен кейін бұған дейін егілген ағаштар мен бұталардың бір бөлігі қурап қалады. Оның себебі қарапайым болғанымен, өкінішті: тұрақты суарудың жоқтығы мен күтімнің нашарлығы.

Соның салдарынан қала тұрғындары көгалдандыруға жұмсалған миллиондаған теңгенің Семейде жиі болатын жел мен құмды бораннан қорғайтын саялы көлеңкеге айналудың орнына, сөзбе-сөз құмға сіңіп жатқанын көріп отыр.

2026 жылы Семейде 8 мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Ағаш егу жұмыстары 25 сәуірде басталды.

Фотосуреттер: Альбина Халел

Наверх