Егіске бөлінген 300 млн теңге қайда? Қарағандыда компания басшысы күдікке ілінді

«Кең Дала 2» бағдарламасымен алынған 300 млн теңге егіс жұмыстарына жұмсалуы тиіс еді. Алайда тексеріс кезінде күтпеген жайт анықталды.

21 Қыркүйек 2026, 10:14
АВТОР
 gov.kz 21 Қыркүйек 2026, 10:14
21 Қыркүйек 2026, 10:14
94
Фото: gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз беру туралы шарт жасалған. Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік берген.

Шарт талаптарына сәйкес «Рашан» ЖШС-нің шотына 300 млн теңге қарыз қаражаты аударылған.

Кейін бұл қаражат егіс науқанына жұмсалатын шығындарды төлеу деген желеумен екі ЖШС-ге бөлініп аударылған. Атап айтқанда, 148 млн теңгеге жуық қаражат тұқым сатып алуға, тағы 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, соның ішінде жанар-жағармай мен еңбекақы шығындарына аударылған.

Алайда іс жүзінде тұқым сатып алынбағаны, техника жалға алынбағаны және көрсетілген жер телімдеріне ауыл шаруашылығы дақылдары егілмегені анықталды, - деп хабарлады ҚМА.

 «Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды.

 Соттың санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салсақ, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған азаматқа сот үкімі шыққанын хабарлаған болатын. С.Ш. Қайырбаев мүлкі тәркілене отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Наверх