Наразылық білдірушілер жобаны жүзеге асырудан толық бас тартуды талап етіп, билікті орталықты 9 маусымға дейін жабуға шақыруда.
Кенияның Наньюки қаласында жүздеген жергілікті тұрғын Эбола вирусын жұқтыруы мүмкін адамдарға арналған карантин орталығын құру жоспарына қарсы наразылық акцияларына шықты. Нысанды АҚШ-тың қолдауымен әскери база аумағында орналастыру жоспарланған.
Наразылықтарға 50 орындық орталықтың Эбола вирусының ықпалына ұшырауы мүмкін, бірақ ауру белгілері жоқ АҚШ азаматтарын қабылдауға арналатыны себеп болды.
Кенияның Жоғарғы соты орталықтың іске қосылуын уақытша тоқтатқаннан кейін жағдай одан әрі шиеленісе түсті. Соған қарамастан, БАҚ мәліметінше, соңғы күндері Наньюки ауданында әскери авиацияның белсенділігі байқалған. Жергілікті сарапшылар мұны нысанды пайдалануға беру жұмыстарының жалғасуымен байланыстырады.
Кения билігі карантин орталығын құру жоспарын растады. Елдің денсаулық сақтау министрі Аден Дуале бұл жоба төтенше санитарлық жағдайларға дайындықты күшейту және қауіпті аурулардың ықтимал өршуіне тиімді әрекет ету бағдарламасының бір бөлігі екенін мәлімдеді.
Бастапқыда орталық мамыр айының соңында жұмысын бастауы тиіс болған. Алайда оның әрі қарайғы тағдыры сот талқылауының нәтижесіне және биліктің ұстанымына байланысты болмақ.
Эбола вирусы Африкада жылдам таралып жатыр, қазіргі таңда 10 ел қауіп-қатер аймағында тұр. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Эболаның әлем бойынша таралу қаупіне баға берген болатын.