Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

18 Сәуір 2023, 11:10
1377
Бөлісу:
Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі

Катар астанасы Дохада 7-14 мамыр күндері дзюдодан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлем біріншілігінде еліміздің намысын қорғайтын дзюдошылардың есімі белгілі болды.

Әлем чемпионаты – маусымның ең маңызды жарыстарының бірі. Біздің міндетіміз осы жарысқа барынша дайындалып, спортшыларды жақсы формаға келтіру болды. Әлем біріншілігіне спортшылар әр салмақ бойынша осы маусымдағы көрсеткіштеріне қарай іріктелді. Құрама спортшылары жыл басталғаннан бері бірнеше Гран При, Grand Slam жарысына қатысты және құрама сортшылары жыл басынан барлық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осындай нәтижеге қарай бапкерлер құрамы әлем чемпионатына қатысатын құраманы жасақтады. Нәтижесінде, Доха татамиінде ел намысын аға буын өкілдері де, жас дзюдошылар да қорғайтын болады,-дейді Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Қазіргі уақытта спортшыларымыз жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтап Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығында жаттығу жұмыстарын өткізуде. Әлем чемпионаты жылдың ең маңызды додаларының бірі. Одан кейін елордада Grand Slam жарысы өтеді.

Дохада өтетін дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі келесідей:

Ерлер:

60 келі: Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев

66 келі: Ғұсман Қырғызбаев

73 келі: Жансай Смағұлов, Данияр Шамшаев

81 келі: Абылайхан Жұбаназар

90 келі: Дидар Хамза, Айдар Арапов (mix team)

100 келі: Нұрлыхан Шархан

100 келіден жоғары салмақ дәрежесі: Ғалымжан Қырықбай

Әйелдер:

48 келі: Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева

52 келі: Толғанай Әбеуова

57 келі: Бақыт Құсақбаева

63 келі: Эсмигуль Куюлова

70 келі: Анастасия Маякова

78 келі: Аруна Жангельдина

78 келіден жоғары салмақ дәрежесі: Камила Берліқаш, Ақерке Рамазанова

Айта кетейік, Дохада өтетін әлем чемпионаты Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы әлем біріншілігі. Жарыс нәтижесі бойынша спортшылардың әлем және Олимпиада рейтингтеріне тиісті ұпайлар үлестіріледі. Атап айтқанда, әлем чемпионы – 2000, күміс жүлдегер – 1400, ал қола жүлдегер 1000 ұпайдан еншілейді.

Өзгелердің жаңалығы