ДСМ өкілі: Реанимацияға түскен адамдар – вакцина салдырмағандар

11 Тамыз 2021, 17:25
6823
Бөлісу:
ДСМ өкілі: Реанимацияға түскен адамдар – вакцина салдырмағандар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты. 

Ол бас қалада індет әлі де басылмай тұрғанын алға тартты.

11 тамыздағы жағдай бойынша, инфекциялық стационарларда 2699 пациент ем қабылдап жатқан көрінеді. Олардың ішінде, коронавирус инфекциясы расталған 2468 адам ем қабылдаса, 231 адам пневмонияға шалдыққан. Осылайша төсек-орын жүктемесі 69%-ды құрап отыр. Орта есеппен күніне 300-ге дейін адам ауруханаға түседі.

Өкінішке қарай, вирус тыныс алу жүйесіне ғана зиянын тигізіп қоймайды. Мутацияға ұшыраған вирусты 25-тен асқан жастар жиі жұқтырып жатыр. Олардың асқазан-ішек жолдары, жүйке жүйесі зақымдалып, буын аурулары байқалады. Пациенттер ауруханаға аурудың орташа және ауыр ағымымен түседі, - деді Тимур Мұратов.
Басқарма басшысының айтуынша, науқастар өкпеге оттегінің өтуін қамтамасыз ететін қосымша аппаратқа мұқтаж көрінеді. Олардың басым көпшілігі вакцина салдырмағандар мен барлық санитарлық талапқа бей-жай қарағандар деп отыр.
Реанимация бөлімшесінде барлығы 243 пациент жатыр, олардың 55-і ӨЖЖ көмегімен тыныстауда. Алдында айтып өткенімдей, реанимацияда жатқандар – вакцина салдырмаған адамдар. Олардың жас ерекшеліктері 35 жастан жоғары, - деді Тимур Мұратов.
Бұған дейін Тимур Мұратов елордада күн сайын 300 адам ауруханаға түсетінін айтып өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы