Дронмен қоқиқаздарды үркітіп түсіру – қатыгездік!

26 Маусым 2022, 13:15
1951
Бөлісу:
Дронмен қоқиқаздарды үркітіп түсіру – қатыгездік!

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы Ақтау қаласының жағалауында Дүниежүзілік қызғылт қоқиқаз күніне арналған мәдени-ағарту іс-шарасы барысында айтылды.

Мерекелік іс-шара Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының бастамасы бойынша «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясымен, «Ecojer» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесімен және Ақтау қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Іс-шара жүргізушілерінің бірі, Ақтау қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі, «Ecojer» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі, экобілім беру бойынша сарапшы Бақытгүл Жақсылықованың айтуынша, мереке Қазақстанның теңіз астанасының тұрғындары мен қонақтарын құстарға деген саналы қарым-қатынасы туралы ақпараттандыру, оларды бақылау кезінде мазалау факторын азайту, сондай-ақ табиғатқа деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, жануарлар әлеміне адамгершілік көзқарасты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.  

Әлеуметтік желілердегі мереке туралы хабарландыруымыз бойынша жел мен салқын болғанына қарамастан теңіз жағалауына отбасыларымен бірге келген адамдар бізді қуантады. Ең бастысы, әр қатысушы суреттер мен қолөнер байқауларына қатысып, рухани ләззат алды, – деді Бақытгүл Өмірханқызы.

Ол сондай-ақ LED-экран арқылы экологиялық іс-шаралар кешені арқылы орнықты даму мақсаттарын іске асыру бойынша өз мектебінің тәжірибесін көрсетті. Мәселен, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Ақтау қ. ХББ НЗМ оқушылары оның жетекшілігімен жыл сайын Қарақия-Қаракөл зоологиялық қаумалының бөлігі Қаракөл көлінде Халықаралық суда жүзетін және су маңайы құстарының қысқы санағына белсенді қатысады, сондай-ақ жылдың басқа маусымдарында да санақ жүргізіп, көл жағалауларын санитарлық тазартады, жыл сайын өтетін "Парктер шеруі" Халықаралық табиғатты қорғау акциясына және т. б. іс-шараларға қатысады.

Әрине, Бақытгүл Өмірханқызы шәкірттерінің басты назарында – кәдімгі немесе халық арасында жиі қызғылт деп аталатын қоқиқаз. Ол Қаракөл көліндегі қоқиқаз санақтарының жеті жылдық динамикасындағы талдауымен және мониторингімен бөлісті. Іс-шараға қатысушылар оның сөзінен қоқиқаз Қаракөлде жыл бойы, тек жылдың әр мезгілінде әр түрлі мөлшерде болатындығы туралы білді.

Мәселен, егер күзгі және көктемгі миграция кездерінде көлде шамамен 1 мың дарақтан тұратын бірнеше отарын байқауға болатын болса, қыста Қаракөл мен Тюленьи аралдарында (Ақтаудан солтүстікке қарай Түпқараған түбегіне жақын) 3 мыңға дейін құс қыстай алады. Ал, жаз айларында мұнда бірнеше ондаған "бойдақ" құстарды кездестіруге болады, олар жас болғандықтан әлі жұптасып үлгермеген немесе қандай да бір себептермен жұпсыз қалған қанаттылар.

Жиналған көпшілік алдында Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитеті төрағаның орынбасары, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңіплік ассоциациясы кеңесінің төрағасы, «Ecojer» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі мүшесі Әділбек Қозыбақов және Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының Қаракөлді қорғау үшін жауапты инспекторы Айберген Сейтназаров сөз сөйледі. Спикерлер құстардың 175 түрі мекендейді, оның 20-дан астамы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, ал екі түрі – бұйра бірқазан мен ақбас үйрек – Халықаралық табиғат және табиғи ресурстарды қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілген Қаракөл көлінің халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқап ретіндегі маңызы туралы айтты.

2002 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақтау студенттерімен және оқушыларымен Қаракөлге экскурсия жүргіземін, олар үшін тамашалаудың басты нысаны, әрине, қоқиқаз. Көбінесе биік қамыс құстарды бақылауды қиындатады. Сондықтан осы жылдар бойы Қарақия-Қаракөл қаумалының әкімшілігіне көлдің жағасында бақылау мұнараларын орнатуды ұсынудамын. Сонымен қатар, осы мұнаралар арқылы қорық инспекторларының өздері де Қаракөлдегі қаумал режимінің сақталуын қадағалауға ыңғайлы болар еді. Бірақ әзірге мұндай қажетті мұнараларды немесе кем дегенде бір осындай мұнараны орнатуды қаржыландыру мәселесі ашық күйінде қалып отыр, – деді Әділбек Қозыбақов.

LED-экран арқылы әлемдік деңгейдегі сарапшы-орнитолог, биология ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, посткеңестік елдері орнитологтарының ең ірі қауымдастығы саналатын Мензбир орнитологиялық қоғамының президенті, Еуропадағы ең ірі табиғатты қорғау үкіметтік емес ұйымы саналатын Британияның Корольдік құстарды қорғау қоғамының (RSPB) ғылыми кеңесшісі, Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі, профессор Эльдар Анверұлы Рустамовтың мерекелік кешіне қатысушыларға бейнеүндеуі көрсетілді. Ол дронмен түсірудің құстарға, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қоқиқазға теріс әсері туралы өзінің сарапшылық пікірін білдірді.

Қоқиқаздар үшін мазалау факторы және одан әрі орын алатын стресс бір қарағанда әдемі болып көрінетін суреттерге тұрмайды. Құстар қиын миграция жолында тамақтану және демалу үшін Қаракөлге ұшып келіп қонғанда, оларды ызылдайтын ұшу аппараты қарсы алады – осындай жағдайда қандай демалыс туралы айтуға болады? Егер бұл теріс тәжірибе жалғасатын болса, онда қоқиқаз Қаракөлде тоқтамайды, содан кейін Қазақстанның теңіз астанасының визит карточкасы болып үлгерген осы құстан Ақтау қаласы айрылады, деп атап өтті академик.

Эльдар Анверовичтің айтуынша, егер сіз қоқиқаздың немесе басқа құстардың әдемі суреттерін түсіргіңіз келсе, өзіңізбен бірге жақсы зумы бар фотокамера алып, фотоаңшылыққа барыңыз. Әрине, бұл жағдайда сіз бір немесе басқа "қауырсынды модельді" бірнеше сағат бойы бақылап, "терлеуге" тура келеді. Бірақ бірнеше сәтті түсірілген кадрлар жұмсалған уақытқа тұрарлық, өйткені жабайы табиғаттың мұндай "тірі" суреттері бүкіл әлемдегі зоологтар мен табиғатты қорғаушылар арасында жоғары бағаланады.

Іс-шараның ағартушылық бөлімі аяқталған соң суреттер мен қолдан жасалған бұйымдар конкурстары өткізіліп, оларға "Айзере" ЖК "Кескіндеме және сурет салу" және "АРТ-ЛАБ" мектептерінің, "Art-Life" студиясының оқушылары қатысты, сондай-ақ "Тәңірбергенов" ЖК музыка студиясы, "Қарақат" мектеп-студиясы мен "Балауса Art-Studio" музыкалық мектеп оқушыларының орындауында концерттік бағдарлама орындалды. Байқаулардың жеңімпаздарына Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының атынан экодобралар түрінде сыйлықтар табыс етілді.

LED-экраны арқылы «Қоқиқаз қасіреті» театрлық қойылымның көрсетілгеннен кейін кеш қонақтарының бірде-бірі бей-жай қалмады. Қаракөл қоқиқаздарының қайғысы Мұнайлы ауданының балалары – N1 жалпы білім беру мектебінің оқушылары, "Қаракөл сақшылары" экопатруль мүшелерінің шығармашылығында көрініс тапты. Сюжетке сәйкес, хайпты іздеуде әуесқой дроншы көлде фламинго түсіруді ұйғарды. Ол ұзақ ұшудан кейін сулы-батпақты алқапты демалыс орны ретінде таңдаған құстардың қандай күйзеліске ұшырайтыны туралы алаңдамады. Дроншының "шеберлігін" бастан кешірген қоқиқаздар отарының тағдырын мектеп оқушылары өз қойылымдарында көрсетті. Бұдан мейірімсіз ересектерге жолданған балалардың "жанайқайы" шықты.

Мерекелік кештің тағы бір жүргізушісі, Дүниежүзілік интеллект-тренерлер қауымдастығының өкілі, "Super Jump" әдістемесінің негізін қалаушыларының бірі Дархан Жармұхамедов іс-шара соңында балалар мен жасөспірімдерде тірі және жансыз табиғатқа экологиялық саналы көзқарасты қалыптастырудың маңыздылығын, Дүниежүзілік қызғылт қоқиқаз күніне арналған іс-шараның осы бағыттағы баға жетпес рөлін атап өтті. Ол сондай-ақ бұл мереке енді жыл сайын ұйымдастырылатынына және ақтаулықтар мен қала қонақтары үшін бүкіл отбасы күтетін жақсы дәстүрге айналатынына үміт білдірді.
 

Өзгелердің жаңалығы