АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың дипломатиялық жолмен шешілуіне қатысты үміт және Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай нарығына әсер етіп отыр. Сауд Арабиясына хуситтердің жаңа шабуылдары туралы ақпаратқа қарамастан, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 92 доллар шамасында сақталды. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) шолуында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Теңге бағамы әлсіреді
Бейсенбі күні АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 4,88 теңгеге өсіп, 449,13 теңгені құрады. Сауда көлемі де 162,5 млн долларға артып, 617,6 млн долларға жетті.
Қаржыгерлер қауымдастығының бағалауынша, теңгенің әлсіреуі сыртқы нарықтағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болғанына қарамастан, шетел валютасына сұраныстың артуымен байланысты болуы мүмкін. Бұған жекелеген нарық қатысушыларының сыртқы сауда және қаржылық есеп айырысулары әсер еткен.
Сонымен қатар тоқсандық салық төлемдерінің шарықтау кезеңі жақындағандықтан, экспорттаушылардың валюталық түсімдерін теңгеге айырбастау көлемі артуы мүмкін. Бұл теңгенің одан әрі әлсіреуін тежеуі ықтимал.
Қор нарығы төмендеді
Бейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша KASE индексі 0,2%-ға төмендеп, 7 795,1 тармақты құрады. Сауда көлемі 2,4 есе өсіп, 975,8 млн теңгеге жетті.
Индекстің төмендеуін KEGOC пен Kaspi акцияларының 1,2%-дан өсуі тежеді. Ал «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 2,2%-ға, «ҚазТрансОйл» акциялары 0,8%-ға арзандады.
Brent бағасы 92 доллар шамасында
Brent маркалы мұнайдың бағасы бейсенбі күні айтарлықтай өзгермей, барреліне 92 доллар шамасында қалыптасты.
Бағаға бір-біріне қарама-қарсы екі фактор әсер етті. Бір жағынан, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу мүмкіндігі мұнай бағасының өсуін тежеп отыр. Екінші жағынан, хуситтердің Сауд Арабиясындағы нысандарға жасаған жаңа шабуылдары Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығу қаупін арттырып, мұнай бағасын қолдауда.
Атап айтқанда, Эр-Рияд қаласында корольдіктің мемлекеттік қорына тиесілі ғимараттың зақымданғаны туралы ақпарат тараған. Бұл нысан мұнай инфрақұрылымына жатпайды. Дегенмен шабуылдардың жалғасуы қақтығыстың кеңею және аймақтағы мұнай тасымалына қауіп төну тәуекелін күшейтеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы жаңа соққылар туралы шешім 2027 жылдан кейін ғана қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеген. Бұл жақын арада әскери шиеленістің күшеюіне қатысты алаңдаушылықты біршама бәсеңдеткенімен, аймақтағы кеме қатынасы мен мұнай жеткізіліміне төнетін қауіп сақталып отыр.
АҚШ қор нарығында акциялар арзандады
Бейсенбі күні АҚШ-тың негізгі қор индекстері 2-2,3%-ға төмендеді. Бұл ретте жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін Anthropic компаниясының Nasdaq биржасындағы акцияларының алғашқы саудасы сәтті басталған.
Компания акциялары IPO кезінде 83 доллардан орналастырылып, алғашқы саудада 111,5 долларға дейін көтерілген. Алайда сауда соңында 97,2 долларға дейін төмендеді. Соған қарамастан бастапқы орналастыру бағасынан 17%-ға жоғары деңгейде қалды.
S&P 500 индексіне кіретін барлық 11 сектордың акциялары арзандады. Индекс қатарынан алтыншы сауда күнінде төмендеп, 2024 жылдан бергі ең ұзақ құлдырау кезеңін көрсетті.
ҚҚҚ сарапшыларының пікірінше, бұл жағдай инвесторлардың жасанды интеллект компанияларына деген қызығушылығына қарамастан, ірі инвестициялардың өзін-өзі ақтауына және қаржыландыру құнына қатысты алаңдаушылық сақталып отырғанын көрсетеді.
АҚШ-та жұмыссыздық бойынша алғашқы жәрдемақы алуға өтініш бергендер саны 203 мыңға жетіп, 1 мыңға артқан. Ал жәрдемақыны қайта алуға өтініш бергендер саны 70 мыңға көбейіп, 1,76 млн адамды құраған.
Алғашқы өтініштердің салыстырмалы түрде төмен болуы жаппай жұмыстан босату байқалмайтынын көрсетеді. Дегенмен қайталама өтініштердің көбеюі жұмыс іздеу мерзімінің ұзарып жатқанын білдіруі мүмкін.
Алтын бағасы да төмендеді
АҚШ қор нарығындағы акциялардың жаппай арзандауына қарамастан, алтын бағасы да төмендеуін жалғастырды. Бейсенбі күні бағалы металл 3,6%-ға арзандап, бір трой унциясы 3 609 долларға дейін түсті.
Ал АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 5,07%-дан 5,05%-ға дейін төмендеді. Бұл инвесторлардың борыштық бағалы қағаздарға сұранысының біршама артқанын көрсетеді.
Доллар индексі айтарлықтай өзгермей, 0,03%-ға өсіп, 103,9 тармақты құрады.
ҚҚҚ бағалауынша, пайыздық мөлшерлемелердің жоғары деңгейде сақталуына қатысты күтулер мен инвесторлардың сақтығы қор нарығындағы жағдайдың нашарлауына қарамастан, алтын бағасына қысым көрсетіп отыр.