ДКО. 49 спортшы ел намысын қорғайды

26 Қыркүйек 2022, 13:15
1570
Бөлісу:
ДКО. 49 спортшы ел намысын қорғайды

29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді, деп хабарлайды, BAQ.KZ тілшісі.

Онда қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері бойынша еліміздің 49 спортшысы ел намысын қорғайды. 

Жарыс қатысушы елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту арқылы әлемнің көшпелі халықтарының мәдениетін сақтау және жаңғырту, көшпелі әлем халықтарының ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейге шығару және сақтау мақсатын жүзеге асырады. Көшпелі халықтардың мәдениеті мен спортын қайта жаңғыртуды мақсат еткен шара «Болашаққа жолданған дәстүрлі қолтаңба» ұранымен өтеді – дейді «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры Бақдәулет Сәбитов. 

Аталған 5 спорт түрі бойынша спортшылардың барлығы ел ішінде де, шетелде де арнайы оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, тыңғылықты дайындық жүргізді. 

Ұлттық спорт олимпиадасына айналған шараға 23 спорт түрі бойынша әлемнің жүзге жуық елінен спортшылар қатысады деп жоспарланған. 

Көкпардан ҚР ұлттық құрама сапында әлем чемпиондары Ұлан Байтөреев (команда капитаны), Абылайхан Нышанбеков, «ғасыр ойыншысы» атанған Құрманбек Тұрғанбек сынды ойыншылар ел намасын қорғайды. 

Көкбөрі (қырғыз көкпары) дайындық барысында ресми түрде спорттық сайысқа енгізілмеген болатын, жобаның авторы ретінде Қырғызстан мемлекетінің сұранысымен соңғы күндері енгізіліп, Қазақстаннан құрама дайындалды.

Жамбы ату спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері - тұңғыш Әлем чемпионы Ералхан Айкөз, Әлем чемпионы Абзал Тулыбеков, Азия чемпионы Бақдәулет Бабажан өнер көрсететін болады. Ал Дәстүрлі садақ атудан ҚР кубогінің жеңімпазы Диас Ахметов, Әлем кубогінің күміс жүлдегері Ербол Тәпенов және Әлем кубогінің жеңімпазы Анжела Тарыца т.б. сынды спортшылар қатысады – деді ол.

Сондай-ақ, «теңге ілу», «аударыспақ» спорт түрлері бойынша көрсетілім (показательные игры) болады, оған аталған спорт түрлерінен 4 спортшы қатысады. 

Көшпенділердің дәстүрі мен жауынгерлік рухын жаңғыртқан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте үздік үштіктің құрамынан табылған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы