Disney мультфильмдері қазақ тілінде көрсетіледі

10 Мамыр 2024, 17:07
757
Бөлісу:
Disney мультфильмдері қазақ тілінде көрсетіледі
Фото: pixabay.com

Қазақстандықтар «Ойжұмбақ 2», «Моана 2» және «Муфаса: Арыстан патша» фильмдерін қазақ тілінде тамашалай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан кинотеатрларында DISNEY компаниясының үш бірдей туындысы: Disney және Pixar студияларының «ОЙЖҰМБАҚ 2» анимациялық фильмі, Disney компаниясының «МОАНА 2» шытырман оқиғасы мен «МУФАСА: АРЫСТАН ПАТША» көркем фильмі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл сүйінші жаңалықты Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы til.kz ресми сайтында жариялады.

Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті фильмдердегі өзімізге жақсы таныс кейіпкерлердің бізбен бірге бір тілде сөйлеуі – өте маңызды қадам. Осы тұрғыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыты Disney компаниясының ұстанымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контенттің қазақ тіліне аудару бастамасын қолдайды. Бұл жолы «Қазақ тілі» қоғамы Disney командасымен бірлесе аталған фильмдерді қазақстандық көрермендерге кеңінен насихаттау және таратуға атсалысады.

Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады, – дейді Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.

Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы Вадим Голенконың сөзінше, қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. 

Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз, – деп пікір білдірді ол.

14 маусымнан бастап кинотеатрларда Disney мен Pixar командасы түсірген танымал анимациялық туындының көптен күткен жалғасы – «Ойжұмбақ 2» көрсетіледі.Мұнда көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін Бас бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Өзгелердің жаңалығы