Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президентке «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды байыту және жаңа технологиялар саласында тілдің қолданыс аясын кеңейту секілді үш негізгі бағыт бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде баяндалды.
Рауан Кенжеханұлы OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында көлемі 14 миллиард токен болатын мәтін корпусы қалыптасқанын және 12 мың сағат аудиожазба жинақталғанын айтты.
Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экранға шықты, - деп баяндады Рауан Кенжеханұлы Президентке.
Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы туралы мәлімет берді. Қазірге кезде қорға түскен жарна көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.
Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жоспарлары табысты болуына тілектестік білдірді.
Президент мемлекеттік тілді үйрету, сондай-ақ ғылыми шығармаларды аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.