«Дипломмен ауылға»: Сырдария ауданында 52 маманға үй берілді

31 Мамыр 2021, 19:10
6560
Бөлісу:
«Дипломмен ауылға»: Сырдария ауданында 52 маманға үй берілді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Сырдария ауданында өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 52 маманға тұрғын үй несиесі берілді.

Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылы қабылданып, сол уақыттан бері мыңдаған жас ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Ауыл-аймақтарға жас мамандарды тартып, олардың сол елді мекендерде тұрақтануына жағдай жасаған бағдарламаға бүгінде сұраныс артқан.

Осы бағдарламаның аясында алғашқы жылдары ауылдарда жұмыс істеуге ниетті жастардың қатары 3 мыңнан сәл асты. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, жастарға да, алыс-жақын ауылдарға да пайда келуде.

Бағдарлама негізінде денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша білім алған жас мамандар алғашқылардың бірі болып ауылға аттанса, соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілер де бағдарлама игілігін көріп келеді.

Жыл санап Сырдария ауданында жас мамандар қатары көбейіп келеді. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылар қатарында да өсім бар. Бұл бағдарлама бойынша жас мамандарға көтерме жәрдемақы, баспана сатып алуға несие берілетіні белгілі. Былтыр ауданда 277 800 теңгелік көтерме жәрдемақыны 65 маман алды. Сонымен қатар 52 жас маманға тұрғын үй несиесі берілді. Айта кетейік, өткен жылы баспана үшін берілетін несие 4 млн 167 мың теңге көлемінде болды, - дейді Сырдария аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Роза Бакуова.

Бөлім есебі бойынша биыл жыл басынан бері 65 маман көтерме жәрдемақы алса, 35 маманға тұрғын үй несиесі берілді. Биыл баспанаға берілетін несие көлемі 4 млн 375 мың 500 теңгені құрады. Жалпы тұрғын үй сатып алуға берілетін несие 0,01 пайызбен беріледі.

Бас маман Роза Бакуованың айтуынша, биыл 70 жас маманға баспана алуға несие беруге қаржы қаралуда.

Аталған бағдарлама аясында әлеуметтік қолдауға ие болған сырдариялық Сандуғаш Асанованың мамандығы дәрігер. Ол Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетінде білім алған. Жас маман ең алғаш Сырдария аудандық ауруханасында қызмет еткен. Өткен жылы бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырды. Дәрігер алдымен көтерме жәрдемақыға қол жеткізіп, мұнан соң баспана алуға өтінім білдірді. Осылайша жас маман тұрғын үй несиесін иемденді.

Мен Қармақшы ауданының тумасымын. Университетті тәмамдаған соң Сырдария аудандық ауруханасына жұмысқа орналасып, кейін Сәдуақасовтар отбасына келін болып түстім. Жолдасым Айдос Төлегеновте адам өмірін сақтау саласында қызмет атқарады. Ол аудандық өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді, - дейді дәрігер Сандуғаш Асанова.

Жас маман өз сөзінде бағдарлама аясында біршама қолдауға ие болғанын және мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан игі істерге алғыс білдіретінін айтты.

Қазіргі таңда баспанамыз бар. Мұндай бағдарлама біз секілді жас мамандарға тиімді екені сөзсіз, - дейді ол.  

Бүгінде ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қолдауына мыңнан астам жас маман ие болды. Олардың алғашқы легі 10 жылдан бері елге қызмет етіп, тұрғын үйге қол жеткізіп, отбасылы болды.

Өзгелердің жаңалығы