Димаш Ниязов АҚШ полицейлеріне пара ұсынған жағдайда не істейтінін айтты

3 Ақпан 2021, 12:41
1747
Бөлісу:
Димаш Ниязов АҚШ полицейлеріне пара ұсынған жағдайда не істейтінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін AntikorLive жобасында Нью-Йорк полицейлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәжірибесі талқыланды.

Тікелей эфир барысында Димаш Ниязов Нью-Йорктергі әріптестерінің пара алу ұсынысына қалай әрекет ететіні туралы айтып берді.

Пара беру кезінде қалай іс-әрекет жасау керектігі жөнінде арнайы ереже бар. Алайда мұның бәрі адамның өзіне тікелей байланысты. Бірақ біз патрульдейтін аймақта мұндай оқиғалар жиі тіркеліп тұрады. Дегенмен полицейлер бізге пара алуға болмайтынын, тыйым салынғанын біледі. Пара алуға еш құқығымыз жоқ. Қайда қарасаң да, барлық жерде камера орнатылған. Мекеме ішінде, сыртында камера болғандықтан, сені кім қай жерде түсіріп отырғанын да білмейсің. Пара алсаң, жұмысыңнан айырыласың. Әрине адамдар 100-120 доллар ұсынған кездер болды. Бірақ мен мұнымен айналысуға болмайтынын, егер олар пара ұсынатын болса, ондай оларды қамауға алатынымды түсіндірдім, - дейді ол.

Ол жұмысы барысында болған оқиғамен бөлісті.

Бір күні әріптесіммен бейтаныс әжеге көмектестік. Оның машинасында бензині бітіп қалды, оны итеруге көмектестік. Оған бензин құйып, машинасын оталдырып бердік. Кейін әже менің қолыма доллар ұстатты. Дегенмен мен берген ақшасын ала алмайтынымды айтып, ғимараттың ішіне кіріп кеттік. Ғимараттан шықсақ, жаңағы 20 долларды әже есіктің тұтқасына қыстырып кетіпті. Есікті ашқанда жай ғана желмен ұшып кетті, - дейді Ниязов.

Оның сөзінше, пара алу Нью-Йорк полицейлері үшін тиімді емес.

Жұмыс өте жақсы. Стандарттар да өте жоғары. Бізде әлеуметтік пакет, бүкіл отбасыға сақтандыру. Яғни тек қана жалғыз маған емес, менің жарыма, бала-шағама. Сондықтан бізге парамен айналысуға тыйым салынған, - деп түсіндірді Нью-Йорк полицейі.

Еске сала кетейік, Қазақстан тумасы Нью-Йорк полицейлері жұмысының қиындығы мен қызығы туралы айтып берді.

Өзгелердің жаңалығы