Димаш ағамды үлгі тұтамын. Жас дарынмен сұхбат

18 Тамыз 2023, 15:12
4496
Бөлісу:
Димаш ағамды үлгі тұтамын. Жас дарынмен сұхбат
Фото: Айым Бекмұраттың мұрағатынан

14-16 тамыз күндері Ақтөбеде талантты бүлдіршіндердің жұлдызын жаққан «Бақытты бала-2023» халықаралық фестиваль-байқауы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ән бәйгесі бесінші жыл қатарынан Димаш Құдайберген мен «ДимашАли» шығармашылық орталығының жетекшілік етуімен ұйымдастырылып отыр. 250-ге жуық жас дарын байқауға қатысуға ниет білдірген. Ақтық мәреде іріктелген 20 өнерпаз бақ сынады. Олар Қазақстанның әр аймағынан және шетелдің 5 мемлекеті - Испания, Эстония, Ресей, Татарстан, Маврикий Республикасынан жиналған. Кіл мықтының арасынан ақтаулық 15 жастағы Айым Бекмұрат топ жарды. Бас жүлде иегерінің жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан өнер додасына қалай дайындалғанын сұрап білдік.

– Айым, өнер жолына қалай келдің?

Ақтау қаласында туып, өстім. Шаһардағы №20 жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбын аяқтап, биыл Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне оқуға түстім. Мамандығым музыкалық драма әртісі. Ән айтатын қабілетімді байқап, қолдау білдіргендердің бірі анам. 6 жасымда мені өнер студиясына берді. Онда вокалмен қатар хореографиямен айналысып, актерлік шеберлік сабағына қатыстым. Әкем мен атам әнді жақсы айтады. Менде бар әсем үн, әдемі әуез сол кісілерден дарыды деп ойлаймын. Бұған дейін көптеген байқауға қатыстым. Ең ауқымдысы Алматы қаласында өткен «Бозторғай», Ереванда ұйымдастырылған« Golden voices» , Ташкентте өткен «Роза Востока» фестиваль-байқауы. Аталған ән додаларынан бас жүлде мен бірінші орынды иелендім.

Димаш ағамды үлгі тұтамын. Жас дарынмен сұхбат
Айым Бекмұраттың мұрағатынан

– «Бақытты бала-2023» байқауы туралы айтып берсең. Іріктеуден өткенде қандай сезімде болдың?

Дәл осы конкурсқа қатысуды қатты армандадым. Былтыр байқаудың іріктеу кезеңіннен өтпей қалдым. Биыл бағым жанды. Қашықтан ұйымдастырылған кезеңнен өткеніме алғашында сенбедім. Одан кейінгі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Финалда Динара Сұлтанның «Сый», Джесси Джейдің «I put a spell on you» өлеңдерін айттым.

Ақтөбеге екінші рет келіп отырмын. Ұйымдастырушылардың еңбегі орасан дер едім. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар да шетінен мықты. Олардың арасында «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасы мен «Детская Новая Волнаға» қатысқан, «Евровидение» байқауының финалында өнер көрсеткен таланттар бар. Репертуарлары мықты, сахналық образдары да жарасымды болды. Осындай ұл-қыздардың арасынан үздік шыққаныма шын қуаныштымын.

– Кумирің бар ма? Бос уақытыңда немен айналысасың?

Өнер жолында Димаш ағамды үлгі тұтамын. Әндерін сүйіп орындаймын. Айдай әлемге Қазақстанның атын шығарған ағамыздың орындауындағы «Ұмытылмас күн», «Любовь Уставших Лебедей», «Дайдидау» әндерін байқауларда жиі шырқаймын. Бұдан бөлек, Билли Айлиш, Бейонсе, Уитни Хьюстонның шығармашылы жаныма жақын. Бірақ еліктемеймін. Олардың әндерін өзімше орындаған ұнайды. 
Фортепианода ойнағанды жақсы көремін. Бұл аспапты үйренгеніме екі жылдай уақыт болды. Бұдан бөлек, сурет салып, би билегенді жақсы көремін. Бос уақытымда қолөнермен айналысамын. Алға қойған мақсатым оқуымды жақсы аяқтап, шетелдегі белді білім ордаларында кәсібилігімді шыңдау.

– Сұқбатыңа рахмет, Айым. Армандарың орындала берсін!

Өзгелердің жаңалығы