Диас Ахметшәріп пойыз билетінің жетіспеушілігін түсіндірді

19 Шілде 2019, 17:27
3658
Бөлісу:
Диас Ахметшәріп пойыз билетінің жетіспеушілігін түсіндірді
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп жаз кезінде пойызға неліктен билет табылмайтынын айтты.



«Сұраныс көп, әрине. Ең бастысы, бізде проблема – вагонның жетіспеушілігі. Қазір «Жолаушылар тасымалына» қарасты жолаушылар таситын 2229 вагон бар. Оның 670-і – өзіміздің Қазақстанда шығарылған «Тұлпар-Тальго» вагондары. Жыл соңына дейін жаңа 38 вагон қосылады. Тағы жыл сайын Қазақстанда жасалған 100 вагон іске қосамыз деп отырмыз. Алдағы 10 жылдың ішінде 1200 вагонды алмастыруымыз керек. Шындығын айту керек, қазіргі вагондардың жартысы – 80-90 жылғы ескі вагондар. Олардың көбінде кондиционер жүйесі жұмыс істемейді. Сол себепті жаздағы аптап ыстық кезінде жолаушыларға қолайсыздық туғызады», - деді ол. 

Диас Ахметшәріп билетті электронды түрде аларда жолаушылардың қателігін де айтты. Сонымен бірге,
«Жолаушылар тасымалы» енгізген жаңа жүйеге тоқталды. 

«Осы жылдың 1 шілдесінде біз электронды билеттерді сатудың жаңартылған бағдарламасын іске қостық. Қазір билеттер пойыз жүргенге 45 күн қалғаннан бастап сатылымға шығады және ол базаға таңертеңгі сағат 7-де түседі. Көптеген жолаушы түнгі 12-ден кейін жаңа билет алуға тырысады. Бірақ қателеседі. Сондықтан электронды түрде билет алатын кезде таңғы 7-ден бастап қарауды сұраймыз. Бұл – осы жүйенің бірінші жаңашылдығы», - деді ол. 

Айтуынша, енді жолаушылар билет кассасына электронды поштасын қалдырып кетсе, жүйеге билет шыққан кезде хат келеді. Оны 2 сағат ішінде сатып алу керек.

«Екіншісі – жаңа жүйе бойынша күту парағы. Егер іздеген бағытқа билет табылмаса, жолаушы келіп кассаға өзінің деректерін, міндетті түрде электронды поштасын қалдырып кетеді. Жүйеде билет пайда болса, оның поштасына хат келеді. Сосын ол «Жолаушылар тасымалының» билет кассасына барып, 2 сағат ішінде сатып алу керек. Егер ол 2 сағатта келмесе, билетті кезекте тұрған екінші адам сатып ала алады», - деді Диас Ахметшәріп.

Жаңа жүйенің соңғы жолы  алыпсатарлардың жолын кеседі. Енді олар 5 мың теңгенің билетін 50 мыңға сататын мүмкіндігінен айырылды.

«Үшінші жаңашылдық  алыпсатарларға қарсы күрес үшін енгізілді. Билет алыпсатарлары жекеменшік кассалармен тығыз жұмыс істеген. Қазақстан бойынша 233 касса «Жолаушылар тасымалына» тиесілі, ал 4,5 мың жекеменшік касса бар. Алыпсатарлар жекеменшік кассалардан әр бағыт бойынша 10-20 билетті өзінің, туыстарының, достарының атына сатып алады. Кейін вокзалға барып клиент іздейді. Оларға 5 мың теңгенің билетін 10, 20... 50 мың теңгеге дейін сатады. Сосын жекеменшік кассаға барады. Өзінің алдын ала алып қойған билетін кассаға өткізеді. Кассир оны бірден жүйе арқылы қайта тауып алады да, жаңа клиентке сатады. Бұрын жүйедегі жаңа билетті ұстап қалу үшін батырманы 100 ретке дейін басуға болатын. Қазір кассир бір бағыт бойынша сұранысты 5 реттен көп іздесе, онда оның кассасы 5 минутқа блокқа түсіп қалады. Сонда кассир бос билетті ала алмай қалады. Яғни, алыпсатар өткізген билетті кассир жүйеден ұстап үлгермейді», - деді ол.

Ресми өкіл «Тальго» пойыздарының билеті неліктен қымбат болатынына тоқталды. Айтуынша, коммерциялық бағыттағы пойыздардың билетін «Жолаушылар тасымалы» реттемейді.

«Өткен жылы билеттердің бағасын реттейтін икемді жүйе енгізілген. Ол «Динамикалық трифті басқару» бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Бұл бағдарлама, ең алдымен, жолаушыларға бағытталған. Мысалы, бізде әлеуметтік маңызы бар бағытта 51 пойыз бар. Олар Үкімет тарапынан субсидия алады. Бұдан бөлек 11 коммерциялық бағыт бар. Ол іштен шығатын пойыздар. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға билетті 45 күн ерте алсаңыз, билет бағасының 25% үнемдеп қаласыз. Күні жақындаға сайын оның бағасы өседі. Макисмум 25% қымбаттайды. Ол өзімізде шығып жатқан пойыздар. Оның бағасын компания өзі бағана айтқан «Динамикалық тарифті басқару» бағдарламасы бойынша реттейді. Ал, коммерциялық пойыздарға билетті ерте алсаңыз 35% дейін үнемдейсіз. Күні жақындаған сайын билет бағасы жоғарылауы мүмкін. Сол себепті билет бағасы 35% жоғары болып, 5 мың теңгенің билеті 40 мың теңгеге дейін шарықтауы ықтимал. Айта кетейін, әлеуметтік маңызы бар бағыттарға ғана 25%», - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы