Қазақстандық деректі фильм халықаралық фестивальде жүлделі болды

23 Қазан 2019, 20:42
2017
Бөлісу:
Қазақстандық деректі фильм халықаралық фестивальде жүлделі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссер Владимир Тюлькиннің "13 шақырым" деректі фильмі Душанбе қаласында өткен халықаралық "Дидор" деректі фильмдер кинофестивалінде халықаралық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген кинотуынды аталған байқаудың халықаралық конкурстық бағдарламасына қатысқан болатын.

Деректі фильмі Серік Боданбаев есімді зағип туралы баяндайды. Қыстаудан өз ауылына қарай бет алған басты кейіпкер өз өмірінің елеулі сәттерін еске алып, өз бойындағы құндылықтарының сырын ашады.

"Фильмнің көрсетіліміне халық көп жиналды, көрермендер үлкен қызығушылықпен тамашалады. Фильмнің соңында көрермендер ұзақ қол қол соғып, алғыстары мен тілектерін жеткізді. Осы уақыт аралығында біздің фильм 15 фестивальге қатысып, 5 жүлдеге қол жеткізді", - деді режиссер Владими Тюлькин.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр "13 шақырым" фильмі Бразилияда өткен Халықаралық "Еңсеру" ("Преодоление") кинофестивалінде арнайы жүлдеге және Екатеринбург қаласында өткен ХХVІІІ "Ресей" деректі кино фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, аталған фильм Сербияның Крушевац қаласында өткен Халықаралық "Рухы биік" ("Сильные духом") православиелік фильмдер фестивалінде арнайы жүлдемен марапатталды.

Айта кетсек, "Дидор" кинофестивалінің конкурстан тыс – әлемдік авторлық деректі фильмдерге арналған бағдарламасы шеңберінде "Қазақфильм" киностудиясы түсірген "Ата кәсіп" (реж.Берік Жаханов) және "Чуваш халқы. Қазақстан – менің екінші отаным" (реж. Динара Манабаева) атты деректі фильмдер көрсетілді. Бұл фильмдер "Қазақстанның түркі тектес халықтары" циклы бойынша арнайы түсірілген.

"Дидор" халықаралық кинофестивалі Тәжікстан үкіметі және "Тәжікфильм" Мемлекеттік ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған. Жалпы "Дидор" кинофестивалі (көркем және анимациялық байқауы) Душанбе қаласында 2004 жылдан бастап өткізіледі. Биыл ұйымдастырылған деректі фильмдер фестивалі алғаш рет өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда  деректі фильмдер фестиваліне қатысуға 200-ге жуық туындылар үміт білдірген. Нәтижесінде байқаудың іріктеу комиссиясы 15 елден 57 деректі фильмді таңдап алған екен.
Өзгелердің жаңалығы