Деректер базасымен интеграция жасау ХҚКО-ға бару мәжбүрлігінен құтқарады – министр

9 Маусым 2022, 17:54
1654
Бөлісу:
Деректер базасымен интеграция жасау  ХҚКО-ға бару мәжбүрлігінен құтқарады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Неліктен азаматтар ХҚКО-ға барады? Егер әрбір қызметті қайта қарастырып, үдерістерді дұрыстап ойластыратын болсақ, ХҚКО-да ұзынсонар кезек те болмас еді, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Мысалы, жылжымайтын мүлікке байланысты қызметтер бойынша ХҚКО-ға халық үш жағдайда жүгінеді. Бірінші топ - құрылыс компанияларынан үй сатып алып жатқан кісілер. Бұл ретте мемлекет құрылыс компаниясының жылжымайтын мүлікті нақты кімге сатқанын білуі тиіс, сонда алдағы уақытта әлгі нысан басқа біреуге заңсыз сатылып кетпейді және келісім-шарттың құнына қарай салық базасына тиісті деректер енгізіледі.  Екінші топ – ипотекаға үй алып жатқан клиенттер. Бұл жағдайда мемлекет жылжымайтын мүлікке құқығы бар азамат жайлы және кепілдеме туралы ақпарат сұрайды, - деп жазды ол.

Үшінші – жылжымайтын мүлікті өзара сатып алу-сатумен айналысып жатқан жеке тұлғалар. Бұл  ретте келісім-шарт дұрыс жүргізілгенін тіркеу қажет. Осы жағдайлардың барлығында ХҚКО-ға бару керек болатын. 

Қазір жеке тұлғалар арасында жасалатын келісім-шарт бойынша ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Нотариуста ресімдеуге болады, ал ол барлық деректерді мемлекеттік базаға жолдайды. Банкте ипотеканы рәсімдеу кезінде де ХҚКО-ға бармауға болады. Freedom Finance, Otbasy bank-те бұл үдеріс реттелген, ЦКБ да жуырда блокчейнмен цифрлық ипотека рәсімдеуге кіріседі, - деп жазды Мусин.

Құрылыс компаниясынан баспана алғысы келетін адам ХҚКО, құрылыс компаниясы және нотариусқа бару керек болатын. 

Біз цифрландырудың арқасында мұндай ұзақ процесті оңтайландырдық. Былтыр пилоттық жоба аясында BI Group-пен бірге қолайлы механизмді іске қостық: келісім-шарт құрылыс компаниясының кеңсесінде жасалып, қажетті деректердің барлығы бірден жылжымайтын мүлік базасына және үлестік қатысу базасына жолданады, осылайша азаматтар ХҚКО-ға, басқа да мекемелерге бармайтын болды. Бүгін BI Group кеңсесінде цифрлық ипотека процесіне куә болдым. Компания өкілдері цифрландырудың клиент уақытын қаншалықты үнемдейтінін көрсетті. Бұл – барлық құрылыс нарығы үшін жақсы үлгі. Қазіргі таңда біздің елде кез-келген құрылысшы осындай сервисті ұсынып, деректер базасымен интеграция жасау арқылы клиенттерді ХҚКО-ға бару мәжбүрлігінен құтқара алады. Ал бізде ұзынсонар кезектердің кезеңі өтіп, үнемделген ресурстарымызды басқа да мемлекеттік қызметтер бойынша сервистерді жақсартуға жұмсар едік, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы