Депутаттардың жария рейтингі жасалады

19 Қараша 2021, 11:17
1717
Бөлісу:
Депутаттардың жария рейтингі жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Келесі жылдың ақпан айынан бастап депутаттардың жария рейтингісін іске қосылады. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады.

Оның айтуынша, Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қыркүйектен бастап барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракция депутаттарын кешенді түрде бағалау бойынша электронды платформа алғаш рет пилоттық режимде іске қосылды.

Бұған дейін үлкен дайындық жұмысы жүргізілген: Депутаттар рейтингісін қалыптастыру ережесі әзірленіп, ол Саяси кеңес бюросының шешімімен бекітілді, ақпараттық жүйе жасалды, деректер базасы цирфландырылды.

Рейтингті енгізу билеуші партиядан сайланған депутаттардың қызметін жандандыруға, халықпен кері байланысты күшейтуге және жергілікті жерлерде сайлауалды уәделердің іске асырылу тиімділігін арттыруға жүйелі серпін бергенін айтқан Бауыржан Байбек, 217 сайлауалды бағдарламаға қоғамдық-партиялық мониторинг жүргізуге 2,7 мың депутат дербес жауап беретінін еске салды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей, «бүгінде қоғамның депутаттарға қоятын талабы ерекше: олар азаматтардың мүддесі мен еркін қорғап, қоғам мен мемлекет арасындағы «көпір» болуы тиіс». Сондықтан аймақтарға сапар аясында өңірлік сайлауалды бағдарламалардың орындалу және рейтинг жүйесін ендіру барысын талқылау үшін депутаттармен топтық жиналыстар өткіздім. Өңірлерден түскен ұсыныстарды ескере отырып, рейтингті жетілдіру бойынша өзгерістер пакеті әзірленді. Бүгін партияның Саяси кеңесібюросының шешімімен пысықталған Ереже бекітілді, - деді ол.

Енді рейтинг депутаттар, мәслихаттардағы хатшылар мен фракциялар басшыларын қызметінің айқындығы мен есептілігіне бағытталған медиа белсенділікке және жұмыстың түпкілікті нәтижелеріне бағдарлайды.

Келесі жылдың ақпан айынан бастап депутаттардың рейтингісі жария форматта жүргізіледі. Кез келген адам қалауынша нақты уақыт режимінде халық қалаулыларының жұмысымен танысып, өзекті мәселелерді шешу үшін сұрақтар қойып, жауап ала алады. Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асыруға және мемлекеттік жүйенің әрі қарайғы ашықтығы мен жариялылығы бағдарына жол ашатын болады, - деп түйіндеді Бауыржан Байбек.

Өзгелердің жаңалығы