Депутаттар Жезқазған-Ұлытау өңірінің экологиясына алаңдаулы

16 Ақпан 2022, 15:55
1809
Бөлісу:
Депутаттар Жезқазған-Ұлытау өңірінің экологиясына алаңдаулы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов Жезқазған-Ұлытау өңірінің экологиялық мәселесін көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Ол бірнеше жылдар бойы Үкімет пен Парламенттің атына Жезқазған-Ұлытау өңірінің тұрғындарынан өңірдің экологиялық ластануын жою және жергілікті халыққа қолдау көрсету бойынша шаралар қабылдау туралы өтініштер келіп түсіп жатқанын айтты.

Бұл Байқоңыр ғарыш айлағының қоршаған ортаға әсерімен жұртшылық байланыстырып отырған өңірдегі онкологиялық аурулардың жоғары деңгейі, ауыз судың сапасы, медициналық қызметтердің төмен деңгейі және бүкіл өңірді экологиялық дағдарыс жағдайы аймағы деп тану туралы мәселелер. Осы мәселелерді объективті қарау қажеттігі туралы біз, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары да өз депутаттық сауалдарымызда жаздық, - дейді Мәжіліс депутаты.

Сөзінше, уәкілетті мемлекеттік органдар аталған проблеманы шешуден бас тартып, өңірдің көпжылдық қордаланған мәселелеріне ден қоймайды.

Депуттар Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі жағдайдың объективті көрінісін анықтау және тиімді шешімдер қабылдау мақсатында бірнеше шара қабылдауды ұсынды.

1. Қарағанды облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құруд, Комиссияға Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан қоршаған ортаның ластануына бағалау жүргізуді, Комиссия құрамына денсаулық сақтау, экология, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңірдің жұртшылық өкілдерін енгізуді.

2. Жезқазған-Ұлытау өңірінің елді мекендері тұрғындарының денсаулық жағдайы скринингінің және медициналық тексерулердің 2020-2021 жылдардағы нәтижелерін ұсынуды.

3. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының 2021 жылғы 28 маусымдағы «Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына теріс әсерін азайту» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің ұсынымдарын орындауды.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің Үйтас-Айдос және Қожамсейіт суағарын қайта жаңарту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы хабарлауды сұрайды.

Өзгелердің жаңалығы