Депутаттар автокөліктерден міндетті техникалық байқауды алып тастауды ұсынды

19 Қаңтар 2022, 12:01
1118
Бөлісу:
Депутаттар автокөліктерден міндетті техникалық байқауды алып тастауды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы Үкіметтің назарын азаматтардың жеке мүлкінің қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін бақылаудың қолданыстағы құралына аударады. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың жеке мақсаттары үшін пайдаланылатын көлік құралын міндетті техникалық байқаудан өткізуді талап ету туралы мәселесін көтерді.

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда жыл сайынғы техникалық байқаудан өтуге міндетті 2,7 млн көлік құралы бар. Ол жалпы көлік санының 72%-ын құрайды,  Автокөлік иелерінің басым бөлігі заңға бағынатын азаматтар. Олар 2-5 мың теңге аралығында тиісті төлемді төлейді және техникалық байқаудан өткені туралы акт алады. Осы саланың бәсекелі ортаға берілгеніне және техникалық байқау өткізетін жеке станциялар желісінің құрылғанына қарамастан, техникалық байқаудан өту рәсімі формальды түрде атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа айналғанын атап өткіміз келеді, - деді Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Оның келтірген мәліметіне сәйкес, 2021 жылы Көлік комитетінің қызметкерлері құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) жолы кесілді. 2017-2021 жылдар аралығында ҰҚТ нақты техникалық байқаусыз 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасаған. 

Бұл істі ел бойынша жалған тұлғаларға тек «қағаз жүзінде» рәсімделген 28 компания жүзеге асырған. Тіркелген мекенжайларда техникалық байқау орталықтары, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қажетті техникалық жабдық, техникалық байқау өткізетін жер және маман болмаған.

Техникалық байқау формальды шараға айналып, сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызған және көлік құралы иесі мен жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етпеген. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы еліміздегі автобустардан, жүк көліктерінен және такси ретінде коммерциялық мақсатта пайдаланылатын көлік құралдарынан басқа автокөліктерден міндетті техникалық байқауды және көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуды алып тастау орынды деп санайды, - деп айтты депутат Айқын Қоңыров.

Өзгелердің жаңалығы