Депутаттар ауыл мектептерінің интернет сапасына қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды

12 Қаңтар 2022, 11:09
1452
Бөлісу:
Депутаттар ауыл мектептерінің интернет сапасына қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қашықтан оқыту мәселесін көтеріп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке депутаттық сауал жолдады.

Депутат елде болған төтенше жағдайға байланысты дистанционды білім мәселесі өзектілігін сақтап отырғанын айтты. Оның депутаттық сауалы бірыңғай білім берудің онлайн платформасының жұмысына туралы болмақ.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес бірыңғай білім беру платформасын енгізу үшін 5 негізгі білім беру ақпараттық жүйесі анықталған. Олар - «Күнделік» ААЖ, «OnlineMektep» АЖ, «Mektep.edu» АЖ, «Bilimal» АЖ, «Daryn Online» АЖ. Бірыңғай білім беру онлайн-платформасы 8 мыңға жуық мектепке, 3 млннан астам оқушыға және 300 мың мұғалімге бір уақытта оқу процесінің қалтқысыз жұмысын қамтамасыз етуі қажет. Алайда, сапалы интернеті жоқ ауыл мектептері үшін бұл платформа қолжетімсіз, - деп айтты Сүлейменова өз сауалында.

Айтуынша, бүгінгі таңда 7 550 мектептің 58-інде мүлде интернет қосылмаған. 192 мектепте интернет жылдамдығының төмендігі сонша, қарапайым сайтты іске қосып, интерактивті сервисті жүктеу мүмкін емес.

Бұдан бөлек, атап өтетін басты мәселе, ауыл және қала мектептеріндегі интернет сапасына байланысты бастапқы жоспарлау кезеңіндегі министрліктің нормативті құжаттарында әртүрлі параметрлер белгіленген. Назар аударғымыз келетіндігі, ауыл мектептері үшін интернет жылдамдығы қала мектептеріне қарғанда бірнеше есе төмен. Бұл білім беру ортасында цифрлық теңсіздікке алып келеді. Халықаралық стандарттар мен біздің ұлттық білім беру жүйемізді дамыту міндеттеріне сәйкес келмейді, - деп айтты ол.

Осыған орай депутаттар өз ұсыныстарын айтты:

1) Бірыңғай білім беру онлайн-платформасына сапалы білім беру контентін интеграциялауды және әдіснамалық сүйемелдеу жұмыстары жалғастырылсын;

2) Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептер үшін Интернет сапасына қойылатын талаптар қайта қарастырылсын;

3) Цифрлық даму министрлігі және байланыс операторларымен бірлесіп, жаңа бағдарламалық өнімдердің талаптарын ескере отырып, байланыс арналары мен қолда бар жабдықтардың мүмкіндіктерін бағалау қайта қарастырылсын.

4) Педагогтар мен оқушылардың білім беру ортасында цифрлық теңсіздікті төмендетуге байланысты ведомствоаралық кешенді іс жоспар әзірленсін.

Өзгелердің жаңалығы