Депутаттар әрбір төртінші балаға 2,3 млн теңгеден беруді ұсынды

8 Қараша 2023, 14:57
2428
Бөлісу:
Депутаттар әрбір төртінші балаға 2,3 млн теңгеден беруді ұсынды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Депутат Гаухар Танашева ерекше балалаларды тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдауға қатысты маңызды мәселені көтеріп, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде 550 мың көпбалалы және 107 мың ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар, олардың жартысынан көбі баспанасыз. Біріншісі, денсаулығына қосымша қаражат қажет, екіншісі, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жасауымыз керек. Бізде қаншама аналар балаларын жетектеп не үй ала алмай, не бала еміне ақша таппай жүр, - деді депутат.

Танашеваның айтуынша, қазіргі біздің елімізде болып жатқан мәселелердің барлығы осы жоқшылықтың кесірінен. Қаншама ата-аналар осылай табыс табу үшін бірнеше жұмыста істеп балаларын үйде қараусыз қалдыруға мәжбүр.

Ең алдымен балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, тәрбиесін бірінші орынға қоюмыз керек. Біз жеріміз, еліміз бай деп мақтанамыз. Онда бұл мәселелер қайдан шықты? Атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай, төмен айлық пен жәрдемақыны жеткізе алмай, несиеге батқан біздің халқымыз не істейді? Сондықтан біз осындай мәселелердің алдын алатындай шара жасауымыз керек. Ол халықтың емін-еркін күнкөруіне көмектесетін кез келген үкімет тарапынан көмек: айлық пен жәрдемақы мөлшерін көтеру, үй алу жолдарын қолжетімді жасау, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Депутат атап өткендей, демографияны көтеріп, жатқан көпбалалы отбасылардың біразы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Халық саны туралы мәліметтерді салыстыра отырып, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері халық саны 16 миллионнан 20 миллионға, яғни 32 жылда 4 миллионға ғана өсті.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары отбасында төртінші бала туылғанда немесе отбасыда ерекше бала болса 5 000 АҚШ доллары, яғни 2 млн 300 мың теңге мөлшерінде «Отбасылық капитал» бағдарламасын іске қосуды ұсынады. Бұл капитал үш бағытта жұмсалу жоспарланады. Бірінші, үйсіз жүрген отбасыларымыз баспаналы болу мүмкіндігі пайда болады. Екіншісі, білім ала алмай жүрген көпбалалы отбасынан шыққан балалардың арманы орындалады. Үшіншіден, бұл қаражатты отбасылар балаларының денсаулығын жақсартуға қолдана алады, - деп ұсыныс айтты Танашева.

«Отбасылық капитал» сияқты мемлекеттік қолдаудың мұндай жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қай жағынан болса да нақты көмек болады.

Өзгелердің жаңалығы