Депутаттар Алматыдағы өнеркәсіптік жобалардың іске асырылу барысын талқылады

12 Шілде 2021, 18:50
3241
Бөлісу:
Депутаттар Алматыдағы  өнеркәсіптік жобалардың іске асырылу барысын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Айдос Сарым, Сырым Адамбаев, Артур Платонов және Қанат Нұров Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы «Ala Estate» шағын өнеркәсіптік саябаққа барып, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын қадағалады.

Қаладағы жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік базалар негізінде өнеркәсіптік саябақтар құру және жаңа өндірістік үй-жайлар салу Жол картасына енгізілді. 300-ге жуық жобаны жүзеге асыру алматылықтар үшін 25 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта барлығы 18,2 млрд теңге бөлінді.

Депутаттар Алматыдағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған іс-шараларды оң бағалады. Ағымдағы жылы Наурызбай, Түрксіб және Алатау аудандарында орналасқан жоспарланған 5 өнеркәсіптік саябақтың 4-уі жұмысқа кіріскен.

Наурызбай ауданында жиһаз, кондитерлік және галантерея бұйымдарын, кеңсе тауарларын, маскалар мен азық-түлік қаптамаларын шығаратын 9 өндіріс орны ашылып, бүгінде 120 тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.

Кәсіпкерлер алаңдарды жалға алу бойынша ұсынылған шарттарға риза екенін жеткізіп, бұл қажетті өнімді шығаруды уақытылы реттеуге мүмкіндік беретіндерін айтты.

Өз кезегінде, депутат Бекқали Торғаев еңбекақының тұрақты түрде төленуі, жұмыс істеу үшін жасалған жағдай және аталған өнеркәсіпке 2 %-дық несие берілуі шағын және орта бизнеске бағытталған мемлекеттік қолдаудың күшейгенін көрсететінін айтты.

Бүгінде Алматы еліміздің іскерлік астанасы, Қазақстанның экономикалық дамуының ірі локомотиві, Орталық Азия өңірінің негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі. Әлемнің үздік мегаполистерінің қатарына кіруге деген ұмтылыс жылына кемінде 5% экономикалық өсуді қамтамасыз етуді талап етеді. Бұған еңбек өнімділігін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады, - деп атап өтті Айдос Сарым.

Сапар қорытындысы бойынша мәжілісмендер шағын және орта бизнесті дамыту – Nur Otan партиясының және Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Еліміздің әрбір үшінші кәсіпорыны Алматыда жұмыс істейді, жұмыспен қамтылған 10 азаматтың 6-уы шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етуде.


Өзгелердің жаңалығы