Депутат жер сілкінісін болжау жүйесіне жасанды интеллект енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі сейсмология саласын дамыту мәселесін көтеріп, Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.

Бүгiн 2026, 14:33
АВТОР
 istockphoto.com Бүгiн 2026, 14:33
Бүгiн 2026, 14:33
142
Фото: istockphoto.com

Депутаттың айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысы сияқты сейсмикалық белсенді өңірлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін жетілдіру мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жер сілкінісі қаупі туралы халыққа мүмкіндігінше ерте хабар берудің маңызын атап өтті.

Сыни сәтте жақындап келе жатқан жер сілкінісі туралы ескерту адамдарға мүмкіндігінше қысқа мерзімде келуі маңызды. Бұл өмір мен денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді. Мұнда цифрландырудың рөлі ерекше, – деді депутат.

Әбутәліп Мүтәлі халықаралық тәжірибеде сейсмикалық қауіптерді басқару жүйелері кеңінен қолданылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Жапониядағы UrEDAS жүйесі нақты уақыт режимінде жүздеген станциядан келетін сигналдарды өңдеп, жойқын толқын жеткенге дейін бірнеше секунд бұрын пойыз қозғалысын тоқтатуға мүмкіндік береді. Ал АҚШ-тың Калифорния штатында ShakeAlert жүйесі сейсмикалық карталармен біріктіріліп, құрылыс саласына қойылатын талаптарды анықтауға пайдаланылады.

Депутат әлемдік тәжірибеде басты назар жер сілкінісін тіркеуге емес, қауіп-қатерді алдын ала басқаруға аударылып отырғанын атап өтті.

Оның мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмология саласын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, сейсмикалық тәуекелдерді бағалау тәсілдері жетілдіріліп, халықты ерте құлақтандыру жүйесінің жекелеген элементтері енгізілуде.

Сонымен қатар депутат бірқатар бағыттар қосымша дамытуды қажет ететінін айтты. Оның ішінде сейсмикалық аудандастыру карталарын толық енгізу, бақылау желісін кеңейту, мониторинг пен құлақтандыру жүйелерін бірыңғай ұлттық платформаға біріктіру мәселелері бар.

Осы саланы цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. Жер сілкінісі кезіндегі реакция бірнеше секунд ішінде болуы керек. Мұнда жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет, – деді Әбутәліп Мүтәлі.

Осыған байланысты депутат Үкіметке сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын толық іске асыруды, сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеу жұмыстарын аяқтауды, мониторинг пен халықты ерте құлақтандыру жүйелерін ұлттық бірыңғай контурға біріктіруді және саланың цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамытуды ұсынды.

Наверх