Депутат: Жемқорлардан қайтарылған ақшаға зауыт пен фабрика салайық

27 Қыркүйек 2023, 16:24
768
Бөлісу:
Депутат: Жемқорлардан қайтарылған ақшаға зауыт пен фабрика салайық
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин сыртқы заңсыз шығарылған қаржыларға зауыт, фабрика салуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сыртқа заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң әзірленіп, қабылданғаны белгілі.

Осы заңға сәйкес қайтарылған қаржылар, мүліктерді қайтарудан және өткізуден түскен ақшалар Арнаулы мемлекеттік қорға түседі. Қайтарылған қаржыларға әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептерді салу басталып кетті. Бұл өте дұрыс қадам. Өйткені өңірлерде үш аусымды оқытуды жою және ескі білім ордаларын жаңалау қажет. Болашақта салынатын әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын, сонымен қатар өңірлеріміздің тұрғындарын тұрақты түрде үздіксіз су, ток, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Өйткені энергетикалық нысандарымыздың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір нысандарда тозу 100% жеткен, электр желілердің тозуы орташа есеппен 66%-ға тең, - деді Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына – 7,2 млрд теңге бөлінген.

Жұмыс ресурстары шегіне жетіп, әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Президенттің өткендегі Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет. Қуаттарды тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Өйткені азаматтарымыздың көпшілігі тапқан табысын күн көрісіне әрең жеткізіп отыр, ал бюджет мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржының көзі – елімізден әр түрлі жолдармен шетелдерге шығарылған, миллиардтаған АҚШ долларындай активтер. Тіпті оның ішінде энергетика саласынан шығарылған қаржыларда болуы мүмкін. Кезінде ол қаржылар Қазақстанның стратегиялық нысандарын модернизациялауға, экономикасын дамытуға жұмсалу керек еді, - деп атап өтті мәжілісмен.

Сонымен қатар жақында бұқаралық ақпарат құралдарында 837,4 миллиард теңге қайтарылған деген ақпарат жарияланғаны белгілі.

Сондықтан қайтқан қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын - стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет. Неге осы активтерді ішкі нарықта айналдырып, зауыт, фабрика салуға жұмсамасқа? Сол кезде өңдеу саласы дамиды, жергілікті құрылыс материалдарын шығарамыз, импорттық тауарлар мен қызметтерді өзімізде оқшаулаймыз, біліктілігі жоғары мамандарға сұраныс көбейеді. Жаңа жұмыс орындары ашылады, өңірлердің салық базасы артады және басқа да мультипликативтік эффектке қол жеткіземіз, - деді Еділ Жаңбыршин.

Өзгелердің жаңалығы