Ветеринарлардың жалақысын көтеру қажет – Жигули Дайрабаев

Депутат ветеринария басқармаларын бөлек құрылым етуге шақырды.

Бүгiн 2026, 14:47
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 14:47
Бүгiн 2026, 14:47
196
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ветеринария саласындағы қордаланған мәселелерді көтеріп, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, ветеринариялық қауіпсіздік халық денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі кепілі саналады. Қазіргі таңда Қазақстанда 8 миллион ірі қара мен 20 миллионға жуық қой-ешкі өсіріледі. Салада ветеринариялық препараттар өндіретін 21 кәсіпорын жұмыс істейді, ал шекаралық аумақтарда бақылауды қамтамасыз ету үшін 67 ветеринариялық бақылау бекеті құрылған.

Сонымен қатар Үкімет бекіткен ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары аясында саланың материалдық-техникалық базасын 80 пайызға дейін жаңарту және қызметкерлердің жалақысын 2,5 есеге дейін арттыру көзделген.

Алайда депутаттың сөзінше, өңірлерден келіп түсетін өтініштер мен сала мамандарының ұсыныстары шешілмеген мәселелердің әлі де көп екенін көрсетеді.

Соңғы жылдары жүргізілген реформаларға қарамастан орталық уәкілетті орган, аумақтық инспекциялар және жергілікті атқарушы органдар арасындағы функциялар шашырап, бірыңғай басқару тетігі әлсіреді. Меніңше, саланы республикалық деңгейде басқарып отырған кейбір басшылардың тәжірибесі жеткіліксіз, өндірісте ысылмаған. Соның салдарынан ветеринариялық бақылаудың тиімділігі төмендеп, кейбір өңірлерде эпизоотиялық жағдай бойынша жауапкершілік нақты айқындалмай отыр, – деді Дайрабаев.

Ол сондай-ақ мал басын есепке алу жүйесінде мәселелер бар екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, кейбір жағдайларда жалған мәлімет беру фактілері мен субсидиялау саласындағы заң бұзушылықтар анықталып отыр. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне кері әсер етеді.

Сауалда өңірлік зертханалардың жағдайы да көтерілді. Дайрабаевтың мәліметінше, облыстардағы зертханаларда бірқатар зерттеу түрлері жүргізілмейді немесе нәтижелерді алу мерзімі ұзаққа созылады. Сонымен қатар олардың материалдық-техникалық базасы да жеткілікті деңгейде емес.

Әсіресе бруцеллез, туберкулез, құтыру, эхинококкоз және басқа да қауіпті ауруларды диагностикалау кезінде мамандар мен фермерлер тарапынан көптеген сұрақтар туындап отыр,  – деді депутат.

Оның пікірінше, саладағы нормативтік-құқықтық актілердің бір бөлігі ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған, ал инфекциялық және инвазиялық аурулардың алдын алуда ғылыми тәсілдер жеткілікті деңгейде қолданылмай келеді.

Депутат кадр тапшылығы мәселесіне де тоқталды.

Ауылдық жерлерде ветеринариялық мамандар жетіспейді. Жас мамандарды тарту, олардың әлеуметтік қорғалуын күшейту және кәсіби біліктілігін тұрақты арттыру мәселелері өзекті күйінде қалып отыр, – деді ол.

Осыған байланысты Жигули Дайрабаев Үкіметке ветеринария саласын басқарудың бірыңғай вертикалін күшейтуді, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларын бөлек құрылымдар ретінде қайта ұйымдастыруды ұсынды.

Сондай-ақ жануарларды есепке алу және сәйкестендіру жүйесін жетілдіру, өңірлік зертханаларды жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, отандық вакциналар мен биопрепараттарды әзірлеуге мемлекеттік қолдауды кеңейту қажеттігін айтты.

Депутат ветеринария қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеру мен жалақысын кезең-кезеңімен арттыруға ерекше назар аудару керек екенін жеткізді.

Наверх