Депутат ТЖ қызметі мен Азаматтық қорғаныс саласындағы кемшіліктерді атады

9 Қыркүйек 2021, 11:56
1893
Бөлісу:
Депутат ТЖ қызметі мен Азаматтық қорғаныс саласындағы кемшіліктерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат отырысында депутат Бекболат Орынбеков еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі мен Азаматтық қорғаныс саласындағы кемшіліктерін атады.

Өздеріңіз білетіндей, биыл 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқ-дәрі сақталатын әскери қоймада өрт шығып, бірнеше жарылыс болды. Оқиға орнына жедел шығып, тілсіз жаумен күрескен Төтенше жағдай қызметкерлерінің қатарынан адам шығыны болды, - деді ол.
Осыған байланысты депутаттар Сенат төрағасының тапсырмасымен қайғылы оқиға болған жерге барған.
Сапар барысында жауапты уәкілетті органдармен кездесулер өткізіп, ТЖ қызметі мен Азаматтық қорғаныстың жай-күйі толық талқыланды. Нәтижесі бойынша бір топ депутат тарапынан депутаттық сауал әзірленіп, Премьер-министрдің атына жолдау туралы шешім қабылдадық, - деп атап өтті Бекболат Орынбеков Сенатта.
Сенаторлар депутаттық сауалда еліміздің аталған салаларындағы (ТЖ, Азаматтық қорғаныс) жүйелі кемшіліктер мен проблемаларына тоқталып өтті.
Біріншіден, өртке қарсы қызмет жарғысының талаптарына сәйкес кезекші қарауылдың жауынгерлік есептегі және құрамның штаттық санының нормаға келмеуі. Мәселен, Жамбыл облысы өрт сөндіру бөлімшелерінің штат санының аздығына байланысты кезекші қарауылдың жауынгерлік есебі толық көлемде ұйымдастырылмайды. Атап айтқанда, облыс аумағында барлық аудандық өрт сөндіру бөлімінде жеке құрам саны орта есеппен 20 адамды құрайды. Оны 4 кезекші қарауылға бөлгенде тәуліктік кезекшілігі 3-5 адам жауынгерлік есепте тұрады. Осылайша, 6 адамдық жауынгерлік есебі бар өрт сөндіру көлігі 3 адамға толық жинақталмай, екінші автоцистерна, тіпті жауынгерлік есепсіз қалады, - деп түсіндірді депутат.
Сондықтан ірі өрттермен және басқа да төтенше жағдайлар туындаған кезде жеке құраммен толықтыру дабылы бойынша қызметтен бос жеке құрамды жинау есебінен жасалады.
Екіншіден, өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар техникалық регламентке сәйкес қала және елді мекен аймағында өртке қарсы қызмет бөлімшелері санының аздығы. Үшіншіден, өрт сөндіру депосы ғимаратының жағдайы. Көп жағдайда жеке құраммен өрт сөндіру техникасы қарауылдық қызметті ұйымдастыру және техникаға қызмет көрсету үшін тиісті базасы жоқ бейімделген ғимаратта орналасқан. Қарапайым санитарлық нормалар бұзылып, бөлімшелердің жедел қызметіне және жауынгерлік дайындығына теріс әсер етеді, - деп айтты Сенат депутаты.
Төртіншіден, арнайы өрт-құтқару техникасы мен жабдықтар сатып алу үшін бөлінетін қаражаттың тапшылығы. Мәселен, Жамбыл облысында өрт сөндіру қызметінің автотехника паркінде 136 көлік бар. Автотехникамен жарақтандыру деңгейі 32,4%-ды құрайды. Баланста бар автокөліктің 26-сы ескірген, оның пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан. Бұдан басқа Байзақ ауданында ТЖ жою кезінде 18 өрт сөндіру техникасы жарамсыз болып қалғанын да атап өту керек.

Сонымен қатар шешімін таппай отырған мәселелер де бар екенін айтты.

Күшті әсер ететін улы заттардың таралуына байланысты авариялық құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды орындау үшін радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері жоқтығы. Елімізде құрамында сынабы бар иондаушы сәулелену көздері табылатын кезде жағымсыз салдарын барынша азайту үшін жауапты уәкілетті меморгандар айқындалмаған, - деді Бекболат Орынбеков.
Одан бөлек, құлақтандыру жүйесі моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген.

Депутат Үкімет басшысынан бұл кемшіліктер мен проблемалардың адам өміріне қаупі мен маңыздылығын ескере отырып, ТЖ-да жедел әрекет ету мақсатында кешенді талдау жұмыстарын жүргізіп, көрсетілген мәселелерді шешуге ықпал етуін сұрады.

Осыған дейін Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығындағы проблемаларды көтерген болатын.

Өзгелердің жаңалығы