Депутат: Құлыбаев пен Жақсыбековтің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз

3 Мамыр 2023, 12:12
5054
Бөлісу:
Депутат: Құлыбаев пен Жақсыбековтің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз
Фото: ult.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керегін айтып, Үкіметке өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халыққа жайылымды жерлерді қайтарсақ, банктерді ауыздықтау керек. 30 жылда неше рет банктерді кұтқардық. Халықтың қазынасыдағы ақша арқылы Тимур Құлыбаевтың, Әділбек Жақсыбековтың және басқа да олигархтар мен жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз, - деді депутат.

Базарбек банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керегін көтерді.

Депутат атап өткендей, банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауылшаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білуі қажет.

Бас прокуратураның ақпараты бойынша екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде көлемі 2 млн гектар 3,9 мың ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер жатыр. Оны банктер және каржы ұйымдары өздері пайдаланбайды және сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы банктерде кепілге қойылған, камауда жатқан 2 млн гектар жердің ішінде үлестік ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер бар екендігін халық біле ме? - деп айтты Бақытжан Базарбек депутаттық сауалында.

Оның айтуына қарағанда, заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни, шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап-арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге кою туралы келісім-шарттарын бұзу туралы талап-арыздарын қанағаттандырусыз қалдырады.

Нақты қадам жасаудың уақыты келді. Нақты жер реформасын бастап, екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігіндегі жерлерге қамқор болуымыз қажет. Бұл да халықтың жері екендігін ұмытпауымыз қажет, - деп санайды Мәжіліс депутаты.

Депутат Бақытжан Базарбек Үкімет пен Бас прокуратура бірлесіп шешуі керек мәселелерді ұсынды:

Біріншіден, 2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап, шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек. Үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңды мүмкіндігін қарастыру керек.

Екіншіден, коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 млн гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз етуіміз қажет.

Үшіншіден,  азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізу.

Өзгелердің жаңалығы