Депутат қаржы пирамидаларының жұмысын дер кезінде тоқтатпаған агенттікті сынға алды

8 Маусым 2022, 11:28
1263
Бөлісу:
Депутат қаржы пирамидаларының жұмысын дер кезінде тоқтатпаған агенттікті сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысын сынға алды. 

Депутаттың ойынша, агенттік қаржы пирамидаларының жолын дер кезінде кеспеді, адамдарға алдын ала ескертпей, жаппай зардап шегуге дейін жеткізді.

Блогер, вайнер және қоғамға өтімді тұлғалар адамдарды қаржы пирамидаларына жаппай тартқанын бәріміз білеміз. «Гарант 24 ломбард» бір жылдан артық сіздердің танауларыңыздың астында ашық жұмыс істеді. Мұны қалай түсіндіресіздер? Қашан 27 адам зардап шегеді деп күттіңіздер ме? Сонымен бірге бүгінде әлеуметтік желіде адамдарды тартып жатқан компаниялар бар екенін білемін. Ресейде жабылған, бірақ Қазақстанда жұмыс істеп отырғандар бар. Сіздер қалай жұмыс істедіңіздер? Алдын ала шараларыңыз болса, көптеген адамды қалай кіргізіп алып жатыр? - деп агенттіктің жұмысын сөкті депутат.

Агенттік төрағасының орынбасары Ғабит Садырбеков адамдар оңай пайда тапқысы келетінін айта кетті.

Мен не түсіндіре аламын? Адамдар «аз уақытта көп пайыз, көп ақша береміз» деген жерге барады. Барлық адамды бақылап жүре алмаймыз ғой. Мұның алдын алу үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз, - деп жауап берді депутаттың сұрағына Садырбеков.

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Депутаттар қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырмақ.

 Бұдан бұрын  осы тақырыпқа сәйкес Қаржы пирамидаларын жарнамалағандар қылмыстық жауапқа тартылады деген ақпарат жарық көрген болатын.

Өзгелердің жаңалығы