Депутат ойынқұмарлық, жауапсыздықтың шырмауында кеткен жастарды еңбектенуге шақырды

9 Ақпан 2022, 16:59
1689
Бөлісу:
Депутат ойынқұмарлық, жауапсыздықтың шырмауында кеткен жастарды еңбектенуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутат Елнұр Бейсенбаев елдегі жастардың мәселесіне алаңдап, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың сөзінше, жыл басында болған оқиғалар мемлекеттік саясаттың әділетті, әрі ашық жүргізілуін талап етуде. Келісеміз, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні жастардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерумен тікелей байланысты. 

Жастар арасында адал еңбектің лайықты бағаланбауы, олардың ортасында қылмыстық топтармен байланысы бар азаматтардың көлеңкелі лидерге айналуына әкеліп соқтырды. Мұндай топтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзып келеді. Тіпті, кейбірі соларға қарап бой түзейтін болды. Одан бөлек, көлеңкелі саудасы орасан, әділетсіз делдалдық жүйе қалыптастырған «Алтын орда» сияқты базарларды заманауи ашық бизнес ортаға айналдыру, сондағы жастардың сапалы әлеуметтенуіне шынайы септігін тигізетіні сөзсіз, - дейді Бейсенбаев.

Ол өзінің депутаттық сауалында Президентіміздің «Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет» деген бастамасы әрбір жастың ұстанымына айналуы тиіс деп есептейтінін айтты.

Мемлекет басшысы қоғамда ұлтты жегідей жейтін кеселдердің бірі – масылдықты тілге тиек етті. Жұмыс істеудің орнына жақындарына ауыртпашылық салып, өз өміріне деген жауапкершілікті сезінбейтін де бар. Ойынқұмарлық, жауапсыздықтың шырмауында кеткен жастарымызға, «еңбек, бәрін жеңбек» қағидатын ұстануға шақырамын. Дәл қазір елге көмекті еңбекпен көрсететін уақыттың жеткенін мойындауымыз қажет. Әрине, еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзіндегі даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін білеміз, - деп айтты мәжілісмен.

Айтуынша, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше назар аудару керек. Әсіресе, NEET санатындағы жастардың көбі кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүреді. Осы ретте 700 мың жұмыс орнын ашу, іс жүзінде орындалуы керек. 

Жастарды көбі оларға арналған бағдарламалар туралы білмейді. Замандастарымның түйткілді мәселелерін  депутаттар бірнеше рет көтерді, Парламент мінберінен жұмыссыздық, жатақхана, сапалы білім, жас отбасылардың тұрғын үйі және басқа да проблемалардың тізбегін жыл бойы айтылды. Бірақ баяғы жартас сол жартастың кейпін киіп отырғанымызды, Мемлекет басшысы кешегі сөзінде тағы дәлелдеді, - деп айтты Елнұр Бейсенбаев.

Өзгелердің жаңалығы