Депутат өнер мен спортта жетістікке жеткендерді кешенді тестілеуден босатуды сұрады

11 Сәуір 2019, 15:19
2772
Бөлісу:
Депутат өнер мен спортта жетістікке жеткендерді кешенді тестілеуден босатуды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Бақтиярұлы ҚР вице-премьері Гүлшара Әбдіқалықоваға жолдаған сауалында колледж түлектерін өнер мен спорт саласындағы жеткен табыстарына сәйкес кешенді тестілеуден босатуды сұрады.

Ол депутаттық сауал жолдауға еліміздегі өнер және спорт саласындағы колледждерде оқып жүріп, халықаралық деңгейде жоғары жетістікке жеткен түлектер жоғары оқу орындарына түсу барысында кешенді тестілеуден төмен баға алып, мемлекеттік сұраныс бойынша берілген орындарға өте алмаулары негіз болып отырғанын айтты.  

«Қазақстанның халықаралық беделіне үлкен үлес қосып келе жатқан сала – өнер мен спорт саласы. Бұл екі сала мамандарын дайындаудың өзіндік ерешеліктері бар. Себебі екі салаға да мамандар дайындау мектептен басталады. Өнер және спорт саласындағы арнайы мектептерде 4-сыныптан дайындық басталып, олар кейін өз білімдерін орта арнайы оқу орындары – колледждерде, сонан соң жоғары оқу орындарында жалғастырады», - деп айтты Мұхтар Бақтиярұлы.

Паралмент Сенатының депутаты Қазақстандағы өнер және спорт саласындағы үздіксіз білім беру жүйесінің қалыптасуының нәтижесінде біліктілігі жоғары мамандар әртүрлі халықаралық байқаулар мен жарыстарда, олимпиадаларда елдің намысын қорғап, жоғары жетістіктерге жетіп жүргенін атап өтті. 

Оның айтуынша, елдегі өнер саласындағы 7 колледжде жыл сайын 600-ден астам түлек бітірсе, ал спорт саласында маман дайындайтын 5 арнайы колледжде 200-ге жуық түлек бітіреді. Жыл сайын түлектердің 70%-ы жоғары оқу орындарына құжат тапсырады. 

«Алайда соңғы жылдары колледж түлектерінің жоғары білім алуына белгілі бір кедергілер туындап отыр. Өнер және спорт саласындағы колледждерде оқып жүріп, халықаралық деңгейде жоғары жетістікке жеткен түлектер жоғары оқу орындарына түсу барысында кешенді тестілеуден төмен баға алып, мемлекеттік сұраныс бойынша берілген орындарға өте алмай қалады», - деді Сенат депутаты.

Мұхтар Бақтиярұлының айтуынша, 2018 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына бөлінген 450 грантқа 2353 өтініш берілген. Өтініш бергендердің ішінде 1222 спортшы болып, байқау қорытындысы бойынша олардың тек 107-сі ғана білім грантын алған. Нәтижесінде жүздеген спортшы, әртүрлі жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі 11 спорт шебері, 50 спорт шебері және 300-ден астам спорт шеберіне үміткер мемлекеттік гранттан тыс қалған. Олардың қатарында Қазақстанның алдыңғы қатарлы спортшылары – фристайлдан Еуропа чемпионы Аяулым Амренова, дзюдодан Әлем чемпионы Айболат Ыстыбай, каратэден Әлем чемпионатының қола жүлдегері Иоанна Белых, қол күрестен Динара Нәрік, каратэден Азия чемпионы Гүлдана Оспанова және басқа да көптеген спортшы бар.

«Құрметті Гүлшара Наушақызы, жоғарыда аталғандарды негізге ала отырып, арнайы колледждердің түлектерін өнер мен спорт саласындағы жеткен табыстарына сәйкес кешенді тестілеуден босатудың тетіктерін  қарастыруыңызды сұраймыз», - деп сөзін түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы