Депутат ереже бұзған жүргізушілер төлейтін айыппұлды азайтуды ұсынды

17 Сәуір 2024, 11:56
348
Бөлісу:
Депутат ереже бұзған жүргізушілер төлейтін айыппұлды азайтуды ұсынды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров еліміздегі жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұл көлемін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айыппұл көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ең алдында тұр. Егер теңгеге шақсақ, Ресейде айыппұл 3 мың теңгеден, Беларусьте 5 мың теңгеден басталады. Ал Қазақстанда 17 мың теңгеден басталады. Бұл бүгінгі таңда профилактика емес, азаматтарға қарсы қаржылық репрессия тәрізді. Міне бүгінгі Қазақстандағы өте күрделі гуманитарлық жағдайда осы айыппұлдар азаматтарды шаршатып жіберетіні анық. Осы заң аясында айыппұлды азайтып немесе белгілі бір амнистия жасайтын жағдай бар ма? Осы мәселеге сіздер қалай қарайсыздар? – деп сұрады депутат.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айыппұл бүгінде даулы мәселелердің бірі екенін айтты.

Айыппұл бойынша мәселе даулы. Өкінішке қарай, атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан, былтыр жол апаттарына байланысты аздаған өсім байқалды. Биылғы бірінші тоқсан бойынша өсім – 70 пайыз. Бұл заңда айыппұлдар тек қана жол жүру ережесін өрескел бұзатындар үшін ғана өседі. Мәселен, жылдамдықты сағатына 10 км-дан артық асырған азаматтарға тиіспейміз әрі айыппұлды да өсірмейміз, - деп түсіндірді ол Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы