Депутат еліміздің қауіпсіздігіне әсер ететін басты қатерді айтты

17 Маусым 2021, 14:04
10571
Бөлісу:
Депутат еліміздің қауіпсіздігіне әсер ететін басты қатерді айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау кезінде сенатор Ақылбек Күрішбаев су тапшылығы мәселесін көтерді.

Жақын болашақта еліміздің қауіпсіздігіне әсер ететін басты қатердің бірі – су тапшылығы болуы мүмкін. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 90-нан 76 текше шақырымға дейін төмендейді. Сонымен бірге су шаруашылығы секторы инфрақұрылымының тозу көлемі 70%-дан асады. Нәтижесінде республикада суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті тек қана 0,45-0,55, яғни судың 40%-ы пайдаланылмай, ысырап болып жатыр, - деді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерлерінің тек қана 4%-ы заманауи тамшылату тәсілімен суарылады.

Бұл бар болғаны 62 мың гектар. Біз жақында Түркістан облысында аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысын өткіздік. Қазірдің өзінде өңірдің барлық жерінде суаратын судың тапшылығы қатты байқалуда. Халықаралық сарапшылар атап өткендей, біздің басты проблемамыз – суды жоспарлау, бақылау және пайдалану жүйесінің тиімсіздігінде. Яғни біздің еліміздегі су дағдарысы ең алдымен басқарудағы дағдарыстың салдарынан болып отыр, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, Су ресурстары комитетінің өзінде қызметкерлердің көпшілігінің салалық жұмыс тәжірибесі жоқ.

Онда жұмыс істеп жатқан 38 адамның 18-і ғана су шаруашылығы мамандары. Жалпы «Қазсушар» кәсіпорын жүйесінде қызметкерлердің тек жартысы ғана тиісті кәсіби білімге ие, олардың көбісі зейнетке дейінгі жаста. 761 өзен, 529 көл, 71 су қоймасы орналасқан Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясында бар болғаны 21 маман жұмыс істейді. Төрт облыстың аумағын қамтитын Жайық-Каспий бассейндік инспекциясында қызметкерлердің жалпы саны – 12-ақ адам. Аталған су шаруашылығында инженер-гидротехниктер, салалық инженер-құрылысшылар, гидрогеологтар, гидрологтар және гляциологтар (мұздықтар жөніндегі мамандар) мүлдем жетіспейді, - дейді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы