Депутат елдегі дәрігерлердің жетіспеушілігіне алаңдаушылығын білдірді

17 Ақпан 2021, 12:08
1540
Бөлісу:
Депутат елдегі дәрігерлердің жетіспеушілігіне алаңдаушылығын білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова елдегі дәрігерлердің жетіспеушілігіне алаңдаушылығын білдірді.

Қазір, әсіресе, пандемиядан кейін денсаулық сақтау саласын жетілдірудің маңыздылығы артып отыр.Соның бірі - медициналық кадрлардың, атап айтқанда, дәрігерлердің жетіспеушілігі. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді. 2021 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, елімізде 4662 дәрігер жетіспейді. Өңірлер бойынша кадрлардың аса тапшылығы Қарағанды облысында (457), Алматы облысында (457), БҚО (386), Ақмола облысында (364), Қостанай облысында (363), ШҚО (338), сондай-ақ, Жамбыл, Атырау, Түркістан облыстарында байқалады, - дейді депутат.

Оның айтуынша, дәрігерлердің тапшылығы оқу мерзімінің ұзартылуына, қалалар мен моноқалаларда жас мамандарды қолдау механизмінің жоқтығына байланысты, әсіресе, медициналық жоғары оқу орындары жоқ өңірлерде қатты білініп отыр.

Осы ретте Гүлдара Нұрымова Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа мынандай ұсыныс айтты:

1. «2020-2025 жылдарға арналған өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» толықтырулар енгізу арқылы моноқалалардағы жас мамандарды ауылдардағы жас мамандармен теңдей әлеуметтік көмекпен және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

2. Медициналық кадрлар жетіспейтін аймақтардан келген абитуриенттер үшін медициналық білім беру мекемелерінде оқуға арналған гранттар санын ұлғайту бойынша квоталарды әзірлеу;

3. Дәрігерлердің тапшылығын ескере отырып, Білім және ғылым министрлігінің тарапынан медициналық ЖОО-да гранттар санын көбейту.

4. Жас мамандарды бөлу жөніндегі комиссияға өңірлердің кадрларға қажеттілігін ескеру.



Өзгелердің жаңалығы