Депутат Бейсенбаев тұрғын-үй саясатындағы жағдайдың өршіп тұрғанын айтты

16 Ақпан 2022, 16:46
1059
Бөлісу:
Депутат Бейсенбаев тұрғын-үй саясатындағы жағдайдың өршіп тұрғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев халықтың баспана мәселесін көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Елімізде әр азаматтың әлеуметтік жағдайы баспанасының болуымен байланысты екені белгілі. Республикамыз бойынша соңғы 3 жыл уақытта бұл мәселе едәуір күрделеніп келеді. Жылдар бойы кезекте тұрған әлеуметтік осал топтар санатының өкілдері үй алу мүмкіндігіне сенімсіздік білдіруде. Оған басты себеп Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың мәселені шешу үшін жасалмағандығын аңғартып отыр. 2018 жылдан бері кезекте тұрған адамдардың тізімі шамамен 130 мыңға көбейіп, 591 мың тіркелушіні құрап отыр, - деп айтты депутат.

Оның мәліметіне сәйкес тізім Шымкентте 14 мыңға өсіп, 48 442 адам болса, Алматы облысындағы үй кезегін күтушілердің саны 17 мыңға өсіп, 59 067 жетті, ал Түркістандық кезектегі сан 19 мыңға артып, 47 409 отбасыны құрап отыр. 

Бұл цифрлар тек өсумен әлек болса, пәтер жалдаған отбасылар көшумен әлек. Бұны бір деңіз. Екіншіден, 591 мыңнан астам кезекте тұрған адамдардың 170 мыңға жуығының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен, яғни кедейшіліктің шыңырау шегінде екенінің дәлелі. Айта кететіні, бұл санаттағы көпшілікті – І, ІІ топтағы мүгедектер, ерекше балаларды асыраушы отбасылар, жетімдер, жалғызбасты және көпбалалы отбасылар құрайды. Сондай-ақ жылына кезек саны 40 мыңнан астам, ал оның ішінде әлеуметтік осал санатындағы кезектің жылдық өсімі шамамен 19 мыңға жуық отбасыны құрап отыр, - дейді Бейсенбаев.

Оған қоса, өңірлерде 2000-2001 жылдан бері кезекте тұрған әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар, олардың көпшілігі мүгедек жандар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуші отбасылар. 20 жылдап үй кезегін күту, мүгедек жандары бар отбасылардың тіпті жеңілдетілген несиеге үй алу мүмкіндігі жоқ екендігін айқын көрсетіп тұр. Бұл дәйектер тұрғын-үй саясатындағы жағдайдың өршіп тұрғанын көрсетеді.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы 2020 жылдың басына дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасының ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Ал Үкімет болса, тек қаржыны ұлғайтумен шектелді. Осы орайда, әлеуметтік осал топтарға кіретін жетімдер мен мүгедектер санаты қайта сыртта қалып қойды. Сонымен қатар 2022 жылдың екінші айы басталғанымен «Шаңырақ» бағдарламасына арналған қаржы әлі ортақ операторға үйлестірілмеген. Үкімет үшін бір ай уақыт емес шығар, ал пәтер жалдаушы үйсіз отандасымызға бұл кезекті далаға кеткен пәтерақысының сомасы, - деп толықтырып өтті Мәжіліс депутаты өз сауалында.

Оның айтуынша, еліміздегі тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерінің әлсіз, әрі тиімсіз іске асырылып келе жатқандығын аңғартып отыр. 

Осыған орай, Үкімет тарапынан даярланып жатқан «Тұрғын үй саясаты» туралы заңнаманың жобасына соңғы орын алған оқиғаларды ескере келе, нақты шешімдер тізбегін қарастыруды сұраймыз. Оның ішінде субсидиялау механизмдеріне байланысты қоғам пікіріне құлақ асуды сұраймыз. Баспана – әлеуметтік жағдайдың индикаторы. БҰҰ стандарттарына сәйкес, әр адамға шаққандағы тұрғын үй мөлшері 30 шаршы метрден кем болмауы шарт, бізде ол көрсеткіш 21 шаршы метрді құрап отыр. Бұл - көршілес, экономикасы бізбен теңдес мемлекеттерден 5-6 шаршы метрге төмен көрсеткіш, - дейді депутат өз сауалында.

Өзгелердің жаңалығы