Депутат арнайы жасақтың киімімен тойға барып, елді қорқытатындарды жауапқа тартуды ұсынды

23 Сәуір 2025, 14:46
798
Бөлісу:
Депутат арнайы жасақтың киімімен тойға барып, елді қорқытатындарды жауапқа тартуды ұсынды
Фото: oxu.az

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атына депутаттық сауал жолдады. Сауалда соңғы кездері қоғамда жиі кездесіп жүрген арнайы жасақтың киімін киіп, пранк түсіру арқылы азаматтардың құқығын бұзатын әрекеттерге қатысты нақты шаралар қабылдау қажеттігі көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, интернет желісінде кеңінен таралып жатқан бейнежазбаларда бейтаныс адамдар арнайы жасақтың формасына ұқсас киім киіп, қолдарына қару ұстап, азаматтарды "құрықтап", кісен салып, жалған қызметтік куәлік көрсетіп, оларды қорқытып-үркітеді. Мұндай әрекеттердің соңы "пранк" деп ақталғанымен, олардың заңдық және моральдық салдары өте ауыр болуы мүмкін.

Арнайы қызметтің операциясын қалжыңға айналдыру, олардың киімін пайдалану, адамның бостандығын шектеу – бұл ойын емес. Мұндай әрекет адамның денсаулығына қауіп төндіреді, кей жағдайда ауыр салдарға да алып келуі мүмкін, - деді Толықбай.

Мәжілісте бұл мәселе талқыланған кезде Ішкі істер министрінің орынбасары формалардың ұқсастығын жоққа шығаруға тырысқан. Алайда депутат көпшілік үшін мұндай формаларды ажырату мүмкін емес екенін, ал бетперде киген адамдардың іс-әрекеті шынайы арнайы операцияға ұқсайтынын баса айтты.

Ұсынылған шаралар:

- Аталған бейнематериалдардың авторларын анықтау;
- Қатаң ескерту жасап, заңды жауапкершілік қарастыру;
- Қолдарындағы қару мен арнайы құралдарды тәркілеу.

Депутат бұл әрекеттердің алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі нақты шаралар қабылдауы тиіс деп есептейді. Қоғамда қорқыныш тудыратын, азаматтардың конституциялық құқығына нұқсан келтіретін мұндай "қалжыңдардың" еркін таралуына жол беруге болмайды.

Өзгелердің жаңалығы