Депутат анимация арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауды ұсынды

23 Мамыр 2024, 11:36
62
Бөлісу:
Депутат анимация арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауды ұсынды
Фото: BAQ.KZ - архив

Сенатор Рүстемов анимация арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында ақпараттық технология дәуірінде ұлттық ерекшелікті сақтау мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, шамадан тыс белсенді виртуалды әлемнің әсеріне төтеп беру үшін ұлттық тіл мен мәдени туындыларды ортақ құндылықтар ретінде белсенді түрде насихаттау аса маңызды. Отаншыл ұрпақты қалыптастыру үшін сол ақпараттық технологияны жете меңгеріп, ана тіліміздегі мәдени өнім мен тәрбие құралдарын заманауи форматта жаңғырту, бүгінгі күннің тілінде ұсыну аса өзекті боп тұр. Сенатордың пікірінше, осы мәселелер ең проблемалы болып табылады. Қазіргі балалардың бар ықыласы мен ынта-жігері толығымен смартфонға ауған. Анимациялық фильмдер бүлдіршіндердің дүниетанымын қалыптастыратын, тілін ұштайтын бірден-бір тәлім-тәрбие құралына айналып отыр. Алайда, егер қазақ мультфильмдері жоғары талаптарға сай келмесе, балалар оны көрмейді.

Ұлттық танымымызға сай идеологиялық мазмұн-маңызға ие, баланың санасы тез қабылдайтын тәрбиелік мәні бар анима өнімдері де, балдырғандарға арналған кітаптар да өте аз. Тілі шұбарланып, қазақы тілдің қаймағынан айырылған, тіпті анайы сөзбен былғана бастаған қазақ киносының күрделі жағдайы да жеке сауалдың жүгі. Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, ұлтымызға жат таным-түсінігі қалыптасуда. Бұл ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Себебі, анимация – жаһанданудың ең маңызды құралына айналды. Озық елдер анимацияға стратегиялық деңгейде мән беріп, өзінің ұлттық құндылығын өзге елдерге дарытуда, - деді Руслан Рүстемов.

Сенатор отандық анимацияны дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді, «Кинематография туралы» заңды қайта қарауды, қаржы субсидиясымен ұлттық анимациялық орталық ашуды ұсынды. Сонымен қатар, ол анимациялық кино режиссері мамандығына гранттарды ұлғайту қажеттілігін, ұлттық рухқа сәйкес келетін мультфильмдерге жыл сайынғы тапсырыс берудің маңыздылығын, шетелдік анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілге аударудың қатаң критерийлерін бекітуді және «Ұлттық анимация өнері туралы» заң жобасын дайындау қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы