Депутат әкімдерге жылтыраған көліктерін мотоциклге алмастырып, ауылды аралауды ұсынды

13 Қыркүйек 2023, 14:10
4697
Бөлісу:
Депутат әкімдерге жылтыраған көліктерін мотоциклге алмастырып, ауылды аралауды ұсынды
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауылдың жағдайын жақсарту керегін айтып, әкімдерге өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол өзінің депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Бүгінде халқымыздың 40%-ы, яғни 7,5 млн адам ауылда тұрады. Бірақ бұл сан жыл сайын азайып барады. Қаңырап бос қалған ауылдар көп. Оның негізгі себебі - ауылдағы өмір сүру сапасының нашар болуы, - деді депутат.

Қарақат Әбден Астана маңындағы Ақмола облысының ауылдарын мысалға келтірді.

Ауыл тұрғындары артық ештеңе сұрап жатқан жоқ. Оларға керегі – сапалы жол, таза су, жарық және интернет. Бірақ неге бұл олар үшін қол жетпес дүние болуы керек?! Мысалы, Сабынды ауылы Астанадан небәрі 60 шақырым жерде орналасқан. Бірақ интернет атымен жоқ. Аудан орталығы Қорғалжынның өзінде де жағдай мәз емес. Кезінде дүркіреп тұрған Қорғалжын еді. Бүгін бұрынғы қадірі қалмаған, - деп айтты депутат.

Ол елордаға жақын аудандардың жағдайы осы болса, шалғай өңірлер туралы айтпаса да белгілі екенін жеткізді.

Ауылдағы біраз проблеманы аудан әкімдерінің өздері-ақ шешуге шамасы жетеді. Ниет-ықылас болса, көп нәрсені өзгертуге болады. Бірақ олардың шалғайдағы шағын ауылдарға ат басын бұруы өте сирек. Тіпті аудан әкімдерін көрмеген, мүлде танымайтын ауылдар жетерлік. «Қаржы жоқ-жоқ» дей бермей, аудан әкімдері өздері ұйытқы болып, қолдарына сыпыртқы мен күрек алып, айналасын әктеп, жөндеп, өз ауылын оймақтай етіп ұстауға болады. Жылтыраған көліктерін мотоциклге алмастырып, ауыл-ауылды аралау керек. Себебі тұрғындар әкімдердің қызметіне қарап, бүкіл билікке баға береді, - деді Қарақат Әбден.

Депутат ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту үшін өз ұсыныстарын айтты:

1) Біріншіден – жергілікті әкімдердің жауапкершілігі мен есеп беруін күшейту керек. Ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы кезінде осыны ескеруді талап етемін.

2) Екіншіден – ауыл және аудан әкімдіктерінің құзыретін кеңейтіп, бөлінетін бюджетті арттыру қажет.

3) Үшінші – Жоғарыда аталған ауыл-аудандар бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін тиісті бюджет бөлу.

Өзгелердің жаңалығы