Депутат әкімдер қатыспайтын әкімшілік тыңдауларды сынады

2 Қазан 2023, 12:18
682
Бөлісу:
Депутат әкімдер қатыспайтын әкімшілік тыңдауларды сынады
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжілісте өткен комитет отырысында заң жобасына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Депутат заң жобасындағы олқылықтар жайлы айтып, сұрақ қойды.

Бұл - әділет әкімшілігі бойынша өте маңызды заң жобасы. Заң жобасында кемшіліктер мен айтылмаған дүние өте көп. Заң жобасы комитетке келгенде Алма Қайратқызы (Әділет вице-министрі-ред.) мен айтқан барлық ұсынысты ескереміз деді. Заң жобасын зерттеген соң олар ескерілмегенін көрдім. Өкінішке қарай, әкімшілік процедуралар аясында бізде әкімшілік тыңдаулар болады. Осы әкімшілік тыңдаулар сәтсіз құралған. Бұл - жалпы мемлекеттің сәтсіздікке ұшырауы. Неге? Себебі азаматтар әкімдіктермен соттасады. Ал жергілікті атқарушы органдар ойларына келгенін істейді. Егер де азамат жер учаскесін беру немесе рұқсат бермеу жайлы бұйрыққа шағым айтқысы келсе, шешімді кім қабылдайды? Әрине, әкім, - деді депутат Базарбек.

Ол әділет әкімшілігін енгізгіміз келсе, әкімшілік тыңдауды шешім қабылдайтын адам өткізуі керек екенін айтты.

Жер кодексіне сәйкес, шешімді жергілікті атқарушы органда әкім шығарады. Ал бірде-бір әкімнің әкімшілік тыңдауға қатысқанын көрмедім. Бұл-әділет әкімшілігінің құлдырауы. Тіпті, әкімнің орынбасарлары да әкімшілік тыңдау өткізбейді. Жер қатынастары басқармасының бастығы да тыңдау өткізбейді. Әкімшілік тыңдауды жер қатынастарының қарапайым маманы өткізеді. Ол бірақ ешқандай шешім қабылдамайды. Көп адам оған шағымын айтады, ал ол шешім қабылдамайтынын жеткізеді, - деді депутат.

Бақытжан Базарбек әкімшілік соттарда да бұзушылық өте көп екенін атап өтті.

Әкімшілік өндірістегі теңдікке келгіміз келсе, әкімдер мен олардың орынбасарлары қабылдайтын шешіміне жауапкершілік алуы керек, - деді депутат Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы