Денсаулық сақтау саласында қысқарту жүргізілмейді – вице-министр

10 Сәуір 2020, 16:26
1359
Бөлісу:
Денсаулық сақтау саласында қысқарту жүргізілмейді – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бүгін "Қашықтан жұмыс істеу кезінде мемлекеттік қызметкерлерге қажетті дағдылар" тақырыбы аясында тікелей эфир өткізді.

Денсаулық сақтау саласында қызметкерлерді жұмыстан қысқарту болмайды, бірақ, қайта құрылымдау және оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, механикалық бағыттағы жұмыскердің қызметі қажет болмаса, біз ол қызметті алып тастап, егер қызметкер жаңашылдыққа, оқуға қарсы болмаса, біз оған тура сондай немесе бұрынғыдан да жоғары жалақыдағы басқа орын ұсынамыз. Ал, егер қызметкер кәсібилігін арттырғысы келмесе, өз еркі, ондай қызметкерді ұстамаймыз, - дейді вице -министр.

Олжас Амангелдіұлы жұмыс орындарындағы түрлі жиналыстардың азайғаны жұмыс тиімділігіне қалай әсер етіп жатқанына тоқталды.

Бұл жетекшіге байланысты. Мысалы, біз әріптестерімізбен күнделікті жиналыстарды тоқтатып, апталық жиналысқа көштік. Яғни, апта басында қызметкерлерге тиісті жұмыстарды бөліп береміз. Жоспарын ұсынамыз. Әрі қарай қызметкерлер жұмысты қай уақытта істейтінін өздері шешеді. Себебі, кейбір қызметкерге түнгі мезгілде жұмыс істеген тиімдірек. Менің ойымша, қызметкерлердің бір тобына еркіндік беру керек. Бірақ, бұдан жұмыс ақсап қалмауы қажет, - дейді ол.

Олжас Әбішев бұған дейін қашықтан жұмыс істеуде кездескен қиындықтарға тоқталған еді.

Өзгелердің жаңалығы