Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдығы

27 Ақпан 2019, 13:15
4329
Бөлісу:
Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдығы

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Алуа Жолдыбалина еліміздің қазіргі денсаулық жағдайына тоқталды.

«Адамның ең басты байлығы әрқашанда оның денсаулығы болды. Бір айта кетерлігі, денсаулық тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның байлығы. Дені сау ұлт қалыптастыру мен адам әлеуетін іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау – әлеуметтік әл-ауқатты қамтамасыз етуге және өмір сүрудің жоғары сапасына қол жеткізуге бағытталған әлеуметтік саясаттың сәтті жүзеге асырылуының басты кепілі. Сондықтан халық денсаулығын сақтау және нығайту - Қазақстан Республикасы дамуының негізгі басымдықтарының бірі» - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, соңғы он жыл ішінде Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды.

«Біріншісі – саланың инфрақұрылымын құруға бағытталған іс-шараларды көздейтін 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды реформалау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде республикада жаңа медициналық нысандар пайдалануға беріліп, көптеген емханалар және ауруханаларға күрделі жөндеу жүргізілді. Медициналық мекемелерге заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Осы бағдарламадан кейін 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау жүйесін басқарудың жаңа тиімді әдістерін енгізуге көмектесті. Бағдарлама аясында жақын және алыс шет елдердің жетекші клиникаларында жаңа диагностикалық және емдеу технологиялары бойынша мамандарды даярлау бойынша ауқымды шаралар қабылданды. Қабылданған шаралар халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға және нәресте мен бала өлімін төмендетуде оң нәтижелерге қол жеткізуге, сондай-ақ ана өлімінің төмендеу үрдісіне ықпал етті» - дейді Алуа Жолдыбалина.

Оның сөзінше, дені сау ұлтты қалыптастыруға және денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты әрі қарай іске асыру мақсатында 2016-2019 жж. арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

«Ол қол жеткізілген прогресті нығайтуды және жетілдіруді, денсаулық сақтаудың қазіргі проблемаларын жоюды, жүйені жоспарлы жаңғыртуды көздейді. Бағдарламаның мақсатты көрсеткіші – 2020 жылға қарай халықтың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін арттыру болмақ. Тұрғындардың болжамдық өмір сүру ұзақтығы – елдің демографиялық дамуын өлшеудің негізгі көрсеткіші. Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңына сәйкес ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қатерлерінің бірі – демографиялық ахуалдың және халықтың денсаулығының нашарлауы, оның ішінде туу деңгейінің күрт төмендеуі және өлім-жітімнің ұлғаюы. Сондықтан да өлім-жітімнің әрбір себебінің өмір сүру ұзақтығына әсерін өлшеу маңызды» - дейді ол.

Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себептері қан айналымы жүйесінің аурулары (ҚЖА) және онкологиялық аурулар.

«Қазақстандағы өлім-жітім себептерінің арасында бірінші орында ҚЖА (қайтыс болғандардың 26%-ы). Мұндай аурулар әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып табылатындығын айта кеткен жөн. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың арқасында халықтың ҚЖА-дан болатын өлім-жітімі 2 есеге азайған. Мұндай прогресс халық арасында ҚЖА-мен күресу мәселесі аталған аурудың көп таралуы себепті ұлттық маңызға ие болғанымен түсіндіріледі» - дейді сарапшы.

Сонымен бірге ол, халықтың өлім-жітім себептері құрылымында онкологиялық аурулар (өлім-жітімнің 12,5%) екінші орында екенін айтады.

«Елдегі онкологиялық патологиядан болатын өлім деңгейі де төмендеп келеді. Бұл ішінара ерте кезеңде анықталған қатерлі ісіктердің үлесінің артуымен байланысты болды. Бұдан басқа, бағдарлама аясында 5 жоғары технологиялық радиациялық онкология орталығы құрылды. 2011 жылдан бастап скринингтік зерттеулердің 9 түрі өткізіледі. Соңғы 10 жылда онкологиялық науқастарды препараттармен қамтамасыз ету көлемі 17 есе өсіп, 800 млн теңгеден 13,7 млрд. теңгеге дейін артты. Дәрі-дәрмектер атауларының саны 2,5 есе өсті» - дейді ол.

Ол медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғырту, денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезеңінде инновациялық технологияларды енгізу және адам ресурстарын дамыту есебінен халықтың медициналық қызметтерге қол жетімділігі арта түскенін атап өтті.

«Осылайша, халықтың денсаулығын сақтау және жетілдіру Қазақстан үшін басымдық болып табылады. Әрине, әрбір адам өз денсаулығына жауапты екені белгілі. Бұл мәселеде мемлекеттің міндеті халықтың денсаулығын сақтау мен нығайтуға жан-жақты қолдау көрсету үшін қажетті жағдай жасау болып табылады. Болашақта денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың сәтті жүзеге асырылуы адам капиталын сапалы жақсартуға әкеледі» - дейді Алуа Жолдыбалина.

Ержан Жаубай

Өзгелердің жаңалығы