«Демеу» ұсынған мүмкіндіктер мол

7 Желтоқсан 2021, 09:10
1749
Бөлісу:
«Демеу» ұсынған мүмкіндіктер мол
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Ой-Сана» психологтар қоғамдық бірлестігінің жобалар бойынша жетекшісі Ләйла Сұлтанбаева арнайы қажеттілігі бар балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестен өтудің қолайлы ұйымдастырылуы аса маңызды екендігін алға тартты. 

Осы орайда республикалық «Демеу» әлеуметтік волонтерлік жобасының қолдауымен өңірдегі шалғай ауылдарға барып, игі іске мұрындық болған. 

«Демеу» ұсынған мүмкіндіктер мол
«Демеу» әлеуметтік-волонтерлік жобасы ұсынған гранттың иегері атандық. Осы грант шеңберінде  «Демеу» әлеуметтік  волонтерлік жобасының аясында облыстағы Жылыой ауданына қарасты Жаңа-Қаратон, Қосшағыл, Тұрғызба (Ембі) ауылдарында мүмкіндігі шектеулі, яғни арнайы қажеттілігі бар балаларға ПМПК ұйымдастырдық. Шалғайдағы ауылдарға арнайы барған кеңестің құрамында психолог, дефектолог, логопед, дәрігер және әлеуметтік педагог сынды мамандар болды. Осылайша, арнайы қажеттілігі бар балаларды қабылдап, олардың ата-анасына кеңес бердік. Көбісінің диагноздары ескі немесе жаңадан диагноз ала алмай жүргендер жетерлік. Аудан бойынша кемінде 50-60 бала педагогикалық-психологиялық түзету жұмыстарына аса мұқтаж екендігі анықталды. Әлі қаралмаған балалар бар. Тілінің шығуы кешеуілдеген немесе психикалық ерекшелікке ие баласын алып келген әр анаға көмек көрсетілді, - деп атап өтті Ләйла Сұлтанбаева. 

Сонымен қатар бірлестік жетекшісі ПМПК-дан өту үшін денсаулығында кінәраты бар баласымен қалаға келу аналарға қиын соғатынын жеткізді. 

«Демеу» ұсынған мүмкіндіктер мол

Отбасын үйге қалдырып, мүгедектігі бар баласымен қалаға ат терлетіп бару оңай емес. Сол үшін де біз мамандарды арнайы шалғай елдімекендерге апарып, балаларды кеңестен өткізуге аз да болса жағдай жасауға себепші болуға тырыстық. ПМПК-дан тыс, осы шалғай елдімекендерге заңгердің және бизнес-бапкердің де кеңесін, бизнес-тренингтер ұйымдастырдық. Олардың кеңесіне көбінесе ер адамдар жүгінді. 500-ге жуық адам топтық кеңестер алды. Психолог мамандар мен пән мұғалімдеріне инклюзивті білім беру негіздері бойынша консультациялық бағыттағы семинар өтті. 320 адам жеке кеңес алды, - деді ұйымның жобалар бойынша жетекшісі. 

«Демеу» ұсынған мүмкіндіктер мол

Бірлестік жетекшісі алдағы уақытта психологиялық көмек жалғасын табады деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы