Жазғы демалыс маусымында туристер арасында турдан бас тарту, сапасыз қонақүй немесе уәде етілген қызметтің көрсетілмеуі секілді мәселелер жиілейді. «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» РҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский қандай жағдайда ақша қайтаруға болатынын және туристер нені ескеруі керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарапшының айтуынша, ең алдымен турдың қандай шартпен сатылғанына назар аудару қажет.
Егер турист турдан өзі бас тартса және ол қайтарымсыз пакет болса, онда жауапкершілік көбіне тұтынушының өзіне жүктеледі. Мұндай турлар әдетте арзанырақ сатылады, бірақ бас тартқан жағдайда шығын да көп болуы мүмкін, – дейді Романовский Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзінше, туроператорлар көп жағдайда қонақүй, билет және басқа шығындарды алдын ала төлеп қояды. Егер мұны чек, түбіртек немесе құжаттармен дәлелдей алса, төленген соманың басым бөлігін ұстап қалуға құқылы.
Бізде 600 мың теңгелік турдан бас тартып, компания тек 30 мың теңге қайтаруды ұсынған жағдайлар болды, – деді сарапшы.
Туроператор кінәлі болса, ақшаны толық қайтаруы керек
Ал егер турды туроператор немесе турагент өз бастамасымен тоқтатса, жағдай өзгереді.
Егер тур компанияның кінәсінен өтпей қалса немесе олар турды өздері алып тастаса, онда қаражат толық көлемде қайтарылуы керек, – деді Романовский.
Ол сондай-ақ форс-мажор жағдайларына ерекше назар аударуға кеңес берді.
Туристердің басты қатесі
Сарапшы туристер жиі жіберетін негізгі қателіктің бірі – келісімшартты толық оқымау екенін айтады.
Тур сатып алғанда келісімшартты міндетті түрде оқу керек. Көп жағдайда құжаттарда тұтынушыға тиімсіз шарттар болады. Кейде жауапкершілік тең бөлінбейді немесе ақша ұстау шарттары тым қатаң жазылады, – дейді ол.
Оның айтуынша, келісімшартта арбитраж, айыппұл немесе ақшаны қайтару шарттары бөлек көрсетілуі мүмкін.
Заң не дейді?
Романовскийдің сөзінше, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның 8-1-бабында көрсетілмеген қызмет үшін 30%-дан артық қаражат ұстауға шектеу бар.
Алайда іс жүзінде жағдай күрделірек.
Егер компания нақты шығындарын құжатпен дәлелдей алса, олар белгілі бір соманы ұстап қалуы мүмкін. Ал дәлелдей алмаса, ақшаны қайтаруға міндетті, – деді ол.
Бес жұлдыз деп сатып алып, үш жұлдызды қонақүйге түссеңіз не болады?
Сарапшы туристер жиі кездесетін тағы бір мәселе – уәде етілген қонақүй мен шындықтың сәйкес келмеуі екенін айтты.
Турагенттер кейде ауызша «5 жұлдыз болады, бірінші жағалау сызығы, тамаша сервис» деп айтады. Бірақ ең маңыздысы – осының бәрі келісімшартта жазылуы керек, – деді Романовский.
Оның сөзінше, егер келісімшартта көрсетілген қызметтер орындалмаса, турист өтемақы талап ете алады.
Қонақүй сәйкес келмесе, қосымша ақша төлемеуіңіз керек
Егер қонақүй жарнамадағы сипаттамаға сай келмесе және туристі басқа жерге көшіру қажет болса, қосымша шығын тұтынушыға жүктелмеуі тиіс.
Егер сізді уәде етілген деңгейдегі басқа қонақүйге орналастырса, ол үшін қосымша ақы талап етілмеуі керек. Егер талап етсе, кейін даулауға болады, – деді сарапшы.
Тур сатып аларда нені тексеру керек?
Сарапшы туристерге бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес берді:
– келісімшартты толық оқу;
– қонақүй сипаттамасының құжатта жазылғанын тексеру;
– «қайтарымсыз тур» шарттарын нақтылау;
– барлық төлем құжаттарын сақтау;
– ауызша уәделерге емес, жазбаша шарттарға сену.
Оның айтуынша, туристердің көбі мәселеге демалыс басталған соң емес, тур сатып аларда көбірек мән беруі керек.